6 КӘСІПОРЫН ЖҰМЫСЫН БАСТАДЫ
Шардарада шағын өндірістік парк іске қосылды. Қазір мұнда алты кәсіпкер отандық өнім шығаруды қолға алған. Жоба жергілікті өндірісті дамытып, жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған.
Бір гектар аумақта орналасқан кешеннің құрылысына 410 миллион теңге инвестиция салынған. Әрқайсысы 200 шаршы метр болатын алты ғимарат пайдалануға берілді. Тағы бес нысанның құрылысы жүріп жатыр. Өндірістік парк су, газ, электр және кәріз жүйесімен толық қамтылған. Мұнда жиһаз, модульді үйлер, термопанельдер, терезе жақтаулары мен құрылыс материалдары өндіріледі. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров кәсіпорындарды аралап, кәсіпкерлердің жұмысымен танысты. Қазір өндірілген тауарлар облыс аумағымен қатар Өзбекстанға да жөнелтіледі. Алдағы уақытта өндірістік парктің екі кезеңі аясында жүзге жуық жұмыс орнын ашу жоспарланған. Айта кетейік, биыл бірінші тоқсанда Шардарадағы шағын және орта бизнес 28,8 миллиард теңгенің өнімін өндірген. Салада 12 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған.