Негізгі Жаңалықтар АРДАГЕРЛЕР ЖОЛДАУ МІНДЕТТЕРІН ТАЛҚЫЛАДЫ

АРДАГЕРЛЕР ЖОЛДАУ МІНДЕТТЕРІН ТАЛҚЫЛАДЫ

АРДАГЕРЛЕР ЖОЛДАУ МІНДЕТТЕРІН ТАЛҚЫЛАДЫ

Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауы – ел дамуының алдағы бағытын айқындайтын маңызды құжат. Онда белгіленген міндеттерді кеңінен түсіндіру мақсатында Шымкент қалалық ардагерлер ұйымының пленумы ұйымдастырылды. Басқосуға 70-ке жуық ардагер жиналып, стратегиялық басымдықтар төңірегінде ой қозғады.


 Ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлікті қолдау, цифрлық экономиканы дамыту және білім беру жүйесін жетілдіру. Пленумда Президент Жолдауындағы осы және өзге де маңызды бағыттар сөз болды. Баяндамашылар әр саланың даму мүмкіндіктеріне тоқталып, алдағы міндеттерді жүзеге асыру тетіктерін ортаға салды.


 БЕКЕТ ТҰРҒАРАЕВ, ЗАҢГЕР, ЗАҢ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері атты жолдауында елдің алдыңғы даму бағыты айқындалды. Ел тәуелсіздігінің 35 жылдық қарсаңында жарияланған құжатты маңызды міндеттер мен оларды іске асыру жолдары көрсетілген. Жолдауда мемлекеттік органдар мен құқық қорғау мекемелерінің жауапкершілігіне де ерекше мән берілген. Мемлекет басшыларының халыққа арналған жолдауы сол мемлекеттің жыл бойына ең басты құжаты болып табылады.


 Ел экономикасының тірек саласы – ауыл шаруашылығы. Биыл диқандар 24 миллион 300 мың тонна астық жинап, соңғы жылдардағы жоғары көрсеткіштердің біріне қол жеткізді. Бұл саладағы серпін Жолдауда белгіленген міндеттердің маңызын айқындай түседі.


СОЗАҚБАЙ ӘБДІҚҰЛОВ, ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРІ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ АССАМБЛЕЯСЫ ЖАНЫНДАҒЫ АҚСАҚАЛДАР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ
Президент ауыл шаруашылығының одан әрі қарай қарқынды дамыту біздің басты міндеттеріміздің бірі болу керек деді. Ол кісі сөзінде былтырғы жылмен салыстырғанда, биылғы жылы 1,5 триллион теңге жеңілдетілген көмек берді ауыл шаруашылығына, шаруаларға деді. Өндірілген өнім биыл 15 триллионға жетті деді. Жалпы енді ол кісінің сөзінің мағынасына қарасаңыз, егіншілік саласы қарқынды дамып жатыр. Жалпы енді бұрыннан келе жатқан нақыл сөз бар ғой, алтын күміс тас екен, арпа бидай ас екен дейді. Бұл астық барлық уақытта ең керек.


Пленум соңында Кенжехан Төлебаев ел бірлігі мен қоғамдық келісімнің маңызын атап өтті. Оның айтуынша, ауызбіршілік пен тұрақтылық – кез келген реформаның нәтижелі жүзеге асуының басты шарты.


 КЕНЖЕХАН ТӨЛЕБАЕВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ АРДАГЕРЛЕР ҰЙЫМЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ
Бір мемлекет түгілі бір жанұяның өзінде ауызбіршілік тату болмаса, жанұяның берекесі қашпай ма. Ал мемлекетте тату болмағаннан кейін, ауызбіршілік болмағаннан кейін ешқандай реформа да, экономиканың ілгерілеуі де, халықтың әл-ауқатын нығайту да мәселесі жүруі қиын болады. Соны бұл кісі әдейі жолдауының басында тиянақтап айтты.


Ардагерлер басқосуында ел дамуының негізгі бағыттары сараланып, ортақ міндеттер айқындалды. Қоғамдық келісім, экономикалық өрлеу мен тұрақтылықты сақтау – баршаға ортақ жауапкершілік.

Бөлісу