КЕЛЕСТІҢ ДАМУ ҚАРҚЫНЫ ҚАНДАЙ?
Келестің даму қарқыны қандай? Ауданда биыл қандай жобалар жүзеге асты, алда не күтіп тұр? Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров аудан тұрғындарымен кездесіп, әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер мен өзекті мәселелерді ортаға салды.
Келес ауданында экономикалық өсім байқалады. Биылғы тоғыз айда жалпы өңірлік өнім көлемі 139,9 миллиард теңгеге жетіп, былтырғы кезеңмен салыстырғанда 48,4 пайызға артқан. Өнеркәсіпте 6,1 миллиард теңгенің өнімі өндірілсе, негізгі капиталға 41,9 миллиард теңге инвестиция тартылған. Сауда айналымы 28,6 миллиард теңгені, құрылыс жұмыстарының көлемі 28 миллиард теңгені құрады. Ал ауыл шаруашылығы 77,2 миллиард теңгенің өнімін беріп, 5 пайыздық өсім көрсеткен.
НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Келес ауданының мүмкіндігі де, әлеуеті де жоғары. Шекарада орналасуы, ауыл шаруашылығына қолайлы жері, еңбекқор халқы – ауданның басты артықшылығы. Ендігі міндет – осы мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, экономикалық белсенділікті арттыру. Ауданның әрбір елді мекенінде оң өзгерістер болуы керек. Ол үшін жұмысты жандандырып, нақты нәтижеге басымдық беру қажет.
Аудандағы оң өзгерістер әлеуметтік нысандар мен жол инфрақұрылымынан да байқалады. «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында өткен жылы 7 елді мекендегі 21 көшеге 1,2 миллиард теңгеге жөндеу жүргізілген. Абай ауылында 600 орындық, Біртілек елді мекенінде 300 орындық мектеп ашылды. Абайда спорт кешені пайдалануға берілсе, биыл Жүзімдік ауылында мәдениет үйі мен кітапхана ел игілігіне тапсырылды.
ЖӘНІБЕК АҒЫБАЕВ, КЕЛЕС АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ
Инженерлік инфрақұрылымды дамыту бағытында да жұмыстар атқарылуда. 2025 жылдың қорытындысымен ауданның 83 елді мекенінің 79-ы орталықтандырылған ауыз сумен, 61-і табиғи газбен, 81-і электр қуатымен қамтылған. Биыл Достық және Қоралас елді мекендерінде газ құрылысы аяқталып, 4 685 тұрғын «көгілдір отынға» қосылуға мүмкіндік алды. Бұдан бөлек, 9 елді мекенде газдандыру жұмыстары басталған.
Кездесуде тұрғындар жол, ауыз су, газдандыру және абаттандыру мәселелерін көтерді. Әсіресе елді мекендердің тазалығы мен көркін жақсарту жайы сөз болды. Облыс әкімі әрбір өтінішті назарға алып, жауапты басшыларға көтерілген мәселелерді заң аясында шешуді тапсырды. Тұрғындармен кері байланыс орнатып, айтылған ұсыныстардың орындалуын бақылауда ұстау міндеттелді.