Негізгі Жаңалықтар 10 ОТБАСЫ БАСПАНАЛЫ БОЛДЫ

10 ОТБАСЫ БАСПАНАЛЫ БОЛДЫ

Шардарада 10 отбасы көптен күткен баспанасына қол жеткізді. Жаңа пәтерлердің кілтін облыс әкімі Нұралхан Көшеров табыстап, тұрғындарды қуанышымен құттықтады.


Жаңа баспаналар кезекте тұрған азаматтарға жергілікті бюджет есебінен сатып алынған. Барлығы – 10 пәтер. Олар бес тұрғын үйге орналастырылған. Әрқайсысы бір қабатты, екі пәтерлі. Тұрғын үйлердің жалпы ауданы – 100 шаршы метр. Әр үйге 6 сотық жер телімі қарастырылған.


АЙЖАН СЕЙІЛБЕКҚЫЗЫ, ШАРДАРА ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ
Баспаналы болып жатырмыз. Баспанамыз құтты болсын. Президентімізге, облыс әкімі Нұралхан Оралбайұлына алғысымыз шексіз. 2014 бері үй кезегіне тұрып едім. Күткен күніміз келіп жетті. Барлығымызға жаңа үй жұғысты болсын.


Жаңа үйлер толық әрленіп, қоныстануға дайын. Әр пәтерде санитарлық торап пен автономды жылыту жүйесі бар. Табиғи газ, ауыз су, электр энергиясы және кәріз жүйесіне қосылған. Жол инфрақұрылымы да қарастырылған. Қоныс иелерін құттықтаған облыс әкімі тұрғын үй құрылысы өңірде қарқынды жалғасып жатқанын атап өтті.


НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
 Биыл облыс көлемінде ауданы 175 мың шаршы метрден астам 102 тұрғын үй салынып жатыр. Осылайша, жыл соңына дейін 3000-нан астам пәтер пайдалануға беріледі. Міне,  осы жылы да айтулы жұмыстар жалғасын тауып, тұрғын үй кезегінде тұрған 10 отбасыға жаңа пәтер кілттерін табыстағалы отырмыз. Бүгін – сіздер үшін ерекше қуаныш пен толғанысқа толы күн. Жаңа баспаналарыңыз құтты болсын! Әр шаңырақта отбасылық құндылықтар дәріптеліп, бала күлкісі мен қуанышқа тола берсін!


Өңірде тұрғын үй құрылысының ауқымы артып келеді. Өткен жылы Шардара ауданында 72 отбасы қоныс тойын тойлаған. Ал соңғы екі жылда ауданда баспаналы болғандар саны 236-ға жетті. Жаңа пәтерлер әлеуметтік осал топтағы азаматтарға, көпбалалы отбасыларға, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға берілді.


Бөлісу