ҒЫЛЫМ МЕН БІЛІМГЕ ЖАҢА СЕРПІН
Ғылым мен білімді дамыту, еңбек нарығын жаңғырту, жастарға жаңа мүмкіндік ашу. Бұл бағыттар Мемлекет басшысының Жолдауында айқындалған басым міндеттердің қатарында. Осы тақырыптар Мұхтар Әуезов атындағы университетте өткен кездесуде талқыланды. Жиынға Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Тұяқбаев қатысып, қоғам өкілдерімен пікір алмасты.
Кездесуде елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, халықтың әл-ауқатын арттыру және еңбек нарығындағы өзгерістер сөз болды. Әсіресе, жоғары білім сапасын көтеру, отандық ғылымның әлеуетін арттыру және ғылыми жаңалықтарды өндіріске енгізу мәселелеріне басымдық берілді. Цифрлық дәуірде жастардың бәсекеге қабілетті болуы да маңызды. Университеттің жастар орталығының басшысы Ерасыл Анарханұлы жас буынның әлеуетін ашу, бастамаларын қолдау және жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдалану қажеттігін атап өтті.