ЕРЕКШЕ БАЛАЛАРҒА ӨНЕР ҮЙРЕТЕДІ
«Креативті бейсенбі». Бұл жоба ерекше білім беруді қажет ететін балаларға өнер үйреніп, кәсіп меңгеруге мүмкіндік береді. «Shymkent Creative Hub» орталығы есту қабілеті бұзылған балаларға арналған №1 арнайы мектеп-интернаттың оқушыларын қолөнерге баулып келеді.
Жоба мектеп пен орталық арасындағы меморандум аясында жүзеге асуда. Апта сайын бейсенбі күні балалар түрлі шеберлік сабақтарына қатысады. Мұнда олар ұлттық қолөнер түрлерінің бірі – жүнмен жұмыс істеуді үйренеді. Жүнді бояу, тарау, одан шиыршық пен панно жасау тәсілдерін меңгереді. Сонымен қатар эпоксидті шайырдан сырға мен брошь жасап, ағаш өңдеу дағдыларын да игеріп жүр. Өнерлі оқушылар қалалық көрмелер мен байқауларға, Алматы және Астана қалаларында өтетін онлайн конкурстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болуда.
ГАУХАР ШЫРЫНҚҰЛҚЫЗЫ, КӨРКЕМ ЕҢБЕК ПӘНІНІҢ МҰҒАЛІМІ
Бұл өте қажетті нәрсе. Балалардың болашақта өмірге бейімделуі үшін шеберлік сабақтарының маңызы зор. Біріншіден, шығармашылық қабілеттері дамып, өз қиялындағы дүниелерді қолөнер арқылы жүзеге асырады. Екіншіден, болашақта өз қолдарымен жасаған бұйымдарын сатып, табыс табуға мүмкіндік алады. Бұл – олардың өмірге бейімделуіне үлкен көмек.