ӘЛ-ФАРАБИ АУДАНЫНДА 45 КӨШЕ ЖӨНДЕЛДІ
Шымкенттің іскерлік орталығы саналатын Әл-Фараби ауданы жаңаша кейіпке еніп келеді.260 мыңға жуық тұрғыны бар бұл аумақ ауыз су, табиғи газ әрі электр жарығымен жүз пайыз қамтылған. Бүгін аудан әкімшілігі соңғы он айда атқарылған жұмыстарды пысықтады. Ауқымды өзгерістер жайлы алдағы сюжетте.
АРУЖАН САМИДИН, ТІЛШІ
262 мыңнан астам халқы бар Әл-Фараби ауданында соңғы он айда ауқымды инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асып, қала келбеті түрлене түсті. Шаһардың дамуы оның жолдары мен қауіпсіздігінен басталатыны белгілі. Бұл бағытта биыл тозығы жеткен 50 көшенің 45-іне су жаңа асфальт төселді, ал қалған бесеуінде жұмыстар аяқталуға жақын. Сондай-ақ 87 көпқабатты үйдің аулаішілік жолдары жөнделіп, 17 көшенің аяқжолы жаңартылды. Жауын-шашын кезінде көшелерді су баспауы үшін 37 мекенжайда ирригациялық арық жүйелері тартылса, тұрғындардың түнгі уақыттағы қауіпсіздігі үшін 101 аула мен көшеге 148 жарық бағанасы орнатылды.
ЕРЖАН ЕРЛАНҰЛЫ, ӘЛ-ФАРАБИ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ
2025 жылы «Әл-Фараби» КММ тарапынан аудан аумағында 182 көппәтерлі тұрғын үйлердің аулаларын абаттандыру мақсатында 2600 тонна асфальт төсеу жұмыстары жүргізілді. Ағымдағы жылға шамамен 100 мекенжайдағы аулаішілік жолдарға 2000 тонна асфальт төсеу жұмыстары жоспарланды. Қазіргі таңда 87 ауладағы ойылған жерлер қалпына келтірілді.
АРУЖАН САМИДИН, ТІЛШІ
Сыртқы келбетпен қатар, тұрғын үй қорының ішкі сапасын жақсарту ісі де жүйелі жолға қойылған. Модернизация бағдарламасына енген 23 көпқабатты үйдің 16-сы күрделі жөндеуден өтіп, жаңа кейіпке енді. Жалпы 2029 жылға дейін 28 ескі үйдің орнына жаңа тұрғын үйлер салынып, 235 отбасы баспаналы болмақ.
ЕРЖАН ЕРЛАНҰЛЫ, ӘЛ-ФАРАБИ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ
2026 жылы тұрғын үй қорын жаңғырту бағдарламасы аясында 23 көппәтерлі тұрғын үй қамтылды. Бүгінгі таңда 16 үйде жөндеу жұмыстары толық аяқталды, ал қалған 7 тұрғын үйде жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. 2027 жылы тұрғын үй қорын жаңғырту бағдарламасы аясында 9 көппәтерлі тұрғын үй құжаттары жоспарға сәйкес әзірленуде. Реновация жобасы аясында ағымдағы жылы 3 мекенжайда реновация бағдарламасы аясында құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
АРУЖАН САМИДИН, ТІЛШІ
Қаладағы ірі сауда орындарын басқа арнаға бұру жұмыстары да өз жемісін беріп келеді. Бүгінде «Назым апа» базары толықтай заманауи талапқа сай жаңғыртылса, «Орталық Қырғы» базарындағы құрылыс аяқталуға жақын.Ал ретсіз сауданың ошағына айналған «Көктем» базары мен Байтұрсынов көшесінің бойындағы заңсыз дүңгіршектер сүріліп, көше бойы кеңейді. Ауданда алдағы қысқы мезгілге дайындық та ойдағыдай пысықталған. Орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған 860 көпқабатты үйде сығымдау жұмыстары аяқталып, пәтерлерге жылу берілді.