Негізгі Жаңалықтар БӘЙДІБЕКТЕ МАҚТА ӨҢДЕУ ЗАУЫТЫ ІСКЕ ҚОСЫЛАДЫ

БӘЙДІБЕКТЕ МАҚТА ӨҢДЕУ ЗАУЫТЫ ІСКЕ ҚОСЫЛАДЫ

Бәйдібек ауданында мақта өңдеу өнеркәсібі дамып келеді. Бөген ауылдық округінде 2,4 миллиард теңгеге жаңа өндіріс кешені салынып жатыр. Өңір басшысы Нұралхан Көшеров жұмыс сапары барысында зауыт құрылысымен танысты. Кәсіпорынды жыл соңына дейін іске қосу жоспарланған.

 Жобаға 20 гектар жер телімі бөлінген. Қазір Қытайдан жеткізілген өндірістік жабдықтарды құрастыру жұмыстары жүргізілуде. Кешен іске қосылғанда жылына 45-50 мың тонна мақта өңдей алады. Сонымен қатар 63 жаңа жұмыс орны ашылады.

ҚАЛДЫБЕК ОРАЗОВ, БӘЙДІБЕК АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ
– «Мақтаны жуып-тазалап, дәнінен ажыратып престейтін зауыттың құрылысында тұрмыз. Құрылыс былтыр басталған, биыл желтоқсан айында аяқталады деп жоспарланып отыр.»

 Серіктестіктің өндірісті кеңейту жоспары да бар. Алдағы уақытта мақта өңдеу кешенімен қатар тамшылатып суару жүйелерін енгізіп, мақта майын өндіретін зауыт салу көзделген. Жалпы құны 4,8 миллиард теңгені құрайтын жобаларды 2025-2028 жылдары кезең-кезеңімен жүзеге асыру жоспарланған. Облыс әкімі жергілікті шикізатты тиімді пайдаланып, өнімді терең өңдеуге басымдық беру қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ жауапты тұлғаларға инвестициялық жобаларды сапалы әрі белгіленген мерзімде жүзеге асыруды тапсырды.

 Айта кетейік, Түркістан облысында жалпы құны 200 миллиард теңгеден асатын мақта-тоқыма кластері кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Жоба мақта өсіруден бастап, оны терең өңдеу, жіп иіру, мата тоқу және дайын тоқыма бұйымдарын шығаруға дейінгі өндірістік тізбекті қамтиды. Кластер аясында 4 мыңнан астам жұмыс орнын ашу және су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу көзделген.


Бөлісу