МӘДЕНИЕТ САЛАСЫНЫҢ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ ЖОЛДАУДЫ ТАЛҚЫЛАДЫ
Мәдениет саласының алдында қандай міндеттер тұр? Шығармашылық ортаға қандай қолдау қажет? Осы және өзге де өзекті мәселелер Әл-Фараби атындағы қалалық кітапханада өткен кездесуде көтерілді. Құрылтай депутаты Бахадыр Нарымбетов мәдениет қызметкерлерімен жүздесіп, Мемлекет басшысының 28 қазандағы Жолдауында белгіленген басымдықтарды түсіндірді.
Жаңа саяси жүйе, ауқымды реформалар, заңнамалық өзгерістер. Депутаттың айтуынша, ел жаңа тарихи кезеңге қадам басып келеді. Конституциялық реформалардан басталған саяси жаңғыру мемлекеттік басқарудың барлық деңгейін қамтып отыр.
БАХАДЫР НАРЫМБЕТОВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ҚҰРЫЛТАЙЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ
Бізде тарихи кезең тек қана бізде емес, мұны екі жақтамамен қарауға болады. Біріншіден, бүкіл саяси реформалардың логикалық аяғына жеткен терең кезең қазір. Өздеріңіз білесіздер, Конституция жаңадан қабылданды, одан кейін Парламент сайланды, енді мәслихаттар сайлауы өтіп жатыр. Арада Халықтық кеңес сайланды. Жаңа Конституцияға сәйкес көптеген заңдар қабылданып жатыр. Біз жаңа тарихқа жаңа саяси жүйемен кіріп келе жатырмыз.
Саяси жаңғырумен қатар экономиканы өркендету де басты назарда. Жаңа өндіріс орындарын ашу, инвестиция тарту, кәсіпкерлікті қолдау және ауыл шаруашылығын цифрландыру – Жолдауда белгіленген негізгі міндеттер. Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин еңбек адамдарының табысын арттыруға бағытталған шешімдерге тоқталды.
САТЫБАЛДЫ ДӘУЛЕТАЛИН, ҚР КӘСІПОДАҚТАР ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ
Жолдаудың басты бағыты – Президент экономиканы дамыту, инвестиция тарту, ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлікті өркендету жөнінде міндеттер қойды. Осының ішінде ең маңызды мәселелердің бірі – ең төменгі жалақы мөлшерінің өсуі. 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы 85 мыңнан 110 мың теңгеге дейін өсетін болады. Бұл – маңызды қадамдардың бірі деп ойлаймыз.
Ал мәдениет саласының өкілдері үшін шығармашылыққа қолайлы орта қалыптастыру, материалдық-техникалық базаны жаңарту маңызды. Кездесуде кітапхана мен музей қорларын цифрландыру, тарихи-мәдени мұраны сақтау, жас мамандарды өңірлерге тарту және өнер иелерінің әлеуметтік жағдайын жақсарту мәселелері де қозғалды.