Негізгі Жаңалықтар ЖОЛДАУДЫҢ БАСТЫ БАСЫМДЫҚТАРЫ ТҮСІНДІРІЛДІ

ЖОЛДАУДЫҢ БАСТЫ БАСЫМДЫҚТАРЫ ТҮСІНДІРІЛДІ

Жолдау жүктеген міндеттер, ел дамуының жаңа бағыттары. Құрылтай депутаттары өңірлерді аралап, Мемлекет басшысының «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауын түсіндіруде. Бұл жолы Қаратау ауданының тұрғындарымен кездескен депутат Бахадыр Нарымбетов экономикалық даму, инфрақұрылым және халықтың әл-ауқатына қатысты бастамаларды ортаға салды.


Ауызсу, жол, газ, мектеп пен аурухана. Ауылдың әлеуетін арттыратын негізгі инфрақұрылым. Кездесуде осы нысандарды салуға жергілікті тұрғындарды да тарту мәселесі көтерілді. Депутаттың айтуынша, бұл – «Халықтық құрылыс» бастамасының негізгі ұстанымдарының бірі.


 БАХАДЫР НАРЫМБЕТОВ, ҚР ҚҰРЫЛТАЙ ДЕПУТАТЫ
Ертеңгі күні біздің экономикамыз дамып, жолдарымызды салғаннан кейін соған иелік ететін – біздің перзенттеріміз. Біз соларға дамыған жолы да бар, суы да бар, газы да бар, жағдайы дұрыс мемлекет қалдырып кетейік деп айтып жатқаны сол. Әрбір құрылыстың артынан «Халықтық құрылыс» деп жатқаны да сондықтан. Ауылда аурухана ма, мектеп салына ма, сол ауылдың тұрғындарының бір бөлігін құрылыс жұмыстарына тартыңдар деп отыр.


Еңбек адамының табысы мен әлеуметтік қорғалуы да назардан тыс қалған жоқ. Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин ең төменгі жалақының өсуі миллиондаған азаматтың тұрмысына оң әсер ететінін атап өтті.


САТЫБАЛДЫ ДӘУЛЕТАЛИН, ҚР КӘСІПОДАҚТАР ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ
Президент Жолдауының ең маңызды шешімдерінің бірі – ең төменгі жалақы мөлшерінің 85 мыңнан 110 мың теңгеге өсуі. Соңғы жеті жылда ең төменгі жалақы мөлшері үш есеге өсті. Бұл, негізінен, халықаралық еңбек стандарттарына сәйкестендіру бағытындағы жұмыс. Халықаралық стандарт бойынша ең төменгі жалақы орташа жалақының 50 пайызынан төмен болмауы керек. Біздің еліміз де Президенттің қолдауымен кезең-кезеңімен осы межеге жетіп келеді. Бұл шешім 1 миллион 800 мың азаматқа қатысты болады.


 Тағы бір маңызды бағыт – денсаулық сақтау саласы. Алдағы екі жылда елімізде 70-тен астам медициналық нысан бой көтермек. Жаңа емханалар мен жедел жәрдем станцияларынан бөлек, ана мен бала денсаулығын қорғауға арналған мекемелердің де қатары артады.


БАУЫРЖАН ЖҮСІПОВ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРЛІГІ МЕДИЦИНАЛЫҚ ЖӘНЕ ФАРМАЦЕВТИКАЛЫҚ БАҚЫЛАУ КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ
«Халықтық құрылыс» жобасы аясында алдағы екі жылда 70-тен астам медициналық нысан салу жоспарланып отыр. Негізгі бағыттардың бірі – ана мен бала денсаулығын қорғау. Қазір елімізде 7 миллионнан астам бала бар. Жыл сайын 330 мыңнан астам нәресте дүниеге келеді. Сонымен қатар 25-тен астам емхана, жедел медициналық жәрдем станциялары және басқа да медициналық нысандар салу көзделген.


Кездесу ашық диалог форматында жалғасты. Тұрғындар жол, ауызсу, білім беру және медицина саласындағы түйткілдерді көтерді. Әр сауалға жауап беріліп, Жолдауда белгіленген міндеттердің өңірлерде жүзеге асу барысы түсіндірілді.



Бөлісу