56 ОТБАСЫ БАСПАНАЛЫ БОЛДЫ
Шымкентте 56 отбасы қоныс тойын тойлады. Тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға пәтерлер жалдамалы және несиелік негізде берілді. Баспаналы болғандардың қатарында көпбалалы және толық емес отбасылар, ерекше қажеттілігі бар азаматтар, сондай-ақ ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар мен мемлекеттік қызметшілер бар.
Гүлнұр Төртай тұрғын үй кезегіне 10 жыл бұрын тіркелген. Үш баласын жалғыз тәрбиелеп отырған ана нәпақа табу үшін Астанада жұмыс істейді. Жылдар бойы күткен арманы бүгін орындалып, жеке баспаналы болды.
ГҮЛНҰР ТӨРТАЙ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
«10 жылдан кейін хабарласып, шақырды. Бастапқыда алаяқтар ма деп сенбедім. Астанада жұмыс істеп жүргенмін. Ести сала ұшып келдім. Мен ол жақта пәтер жалдап тұрамын. Енді осында келемін».
Гүлнұр пәтерді жалдамалы негізде алды. Ай сайынғы төлемі – 15-20 мың теңге шамасында. Ал несиелік бағдарлама арқылы баспаналы болғандар қарызын 2 және 5 пайыздық мөлшерлемемен өтейді.
ДӘУРЕН САУДАБАЕВ, «ОТБАСЫ БАНК» АҚ ҚАЛАЛЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ
«Осы жылы біз 2400 жалдамалы, 1500 несиелік пәтер бердік».
Қазір Шымкентте 98 мыңнан астам азамат тұрғын үй кезегінде тұр. Биыл 7482 пәтер беру жоспарланған. Оның 3736-сы үлестірілді. Жыл соңына дейін тағы 2099 жалдамалы және 1393 несиелік пәтер беру көзделген.