Негізгі Жаңалықтар ОБЛЫС ӘКІМІ ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ӨТІНІШ-ТІЛЕГІН ТЫҢДАДЫ

ОБЛЫС ӘКІМІ ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ӨТІНІШ-ТІЛЕГІН ТЫҢДАДЫ

Ауданның даму қарқыны, ауыл шаруашылығының әлеуеті, инвестиция және елді мекендердің өзекті мәселелері. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Бәйдібек ауданының тұрғындарымен кездесіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен алдағы міндеттерді талқылады. Шаян ауылындағы басқосуда халықтың ұсыныс-пікірлері де назарға алынды.

Бәйдібек ауданының ауыл шаруашылығында мүмкіндігі мол. Ендігі міндет – осы әлеуетті тиімді пайдаланып, өндірісті ұлғайту, өнімді терең өңдеу және инвестициялық жобаларды көбейту. Өңір басшысы әрбір бастама аудан экономикасының дамуына және тұрғындардың тұрмыс сапасының артуына ықпал етуі керектігін айтты. Сондай-ақ экологиялық мәдениетті қалыптастырып, тазалықты сақтау әр азаматтың ортақ міндеті екенін еске салды.

 НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
– «Қазақтың жақсы сөзі бар, тазалық жиналған жерде емес, тазалық сақталған жерде деген. Бұл күл-қоқысты бізге сырттан біреу әкеліп тастап жатқан жоқ. Өзіміз жасап отырмыз.»

Кездесуде Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында айқындалған басымдықтарды жүзеге асыру мәселесі де сөз болды. Аудандағы негізгі экономикалық көрсеткіштерде өсім бар. Жыл басынан бері жалпы өңірлік өнім көлемі 65,5 миллиард теңгеге жетіп, былтырғы кезеңмен салыстырғанда 16,9 пайызға артқан. Ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 36,4 миллиард теңгені құрап, 15,1 пайызға өскен. Құрылыс саласында 17,4 миллиард теңгенің жұмысы атқарылып, нақты көлем индексі 126,2 пайызға жетті. Ал негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 31,7 миллиард теңгені құрады.

ҰЛАСБЕК СӘДІБЕКОВ, БӘЙДІБЕК АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ
– «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында биыл 13 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылды. Тиісті қаржы бөлінді. Жер саласы бойынша да тиісті шаруалар атқарылып келеді.»

 Өңір басшысы ауданның ауыл шаруашылығы әлеуетін арттыру, өндіріс орындарын дамыту, инвестиция тарту және кәсіпкерлікті қолдау бағытындағы жұмыстарды жандандыруды тапсырды. Жиын соңында тұрғындар өздерін толғандырған мәселелерді ортаға салды. Облыс әкімі әрбір өтінішті назарға алып, жауапты басқарма басшыларына көтерілген мәселелерді зерделеп, тиісті шешім қабылдауды тапсырды.


Бөлісу