ҒАЛЫМҒА АРНАЛҒАН КӨРМЕ АШЫЛДЫ
Ерен еңбек еленген күн. Шымкенттегі облыстық өлкетану музейінде ҰҒА академигі, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Әбдірахман Омбаевқа арналған көрме бұрышы ашылды. Онда келушілер ғалымның өмір жолы мен ғылыми қызметіне қатысты жәдігерлерді көре алады.
Ғылым, техника және білім беру саласы бойынша мемлекеттік сыйлықтың иегері атанған ғалым – салада өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған майталман. Оның ізденістері мен еңбектері ел шеңберінен тыс шетелдерге де белгілі. Ауылшаруашылығын дамытып, көшін ілгерілетуге өлшеусіз үлес қосқан маман.
ӘБДІРАХМАН ОМБАЕВ , ҒАЛЫМ, ҰҒА АКАДЕМИГІ
– «Менің үлкен ебеңгім Ордабасы ауданында..»«Ордабасы қой тұқымын шығаруым.» «Ал енді Отырар ауданында ақ түсті қарақол қой тұқымы шығарылды. Осы еңбектерімді, ғылыми ізденістерімді ел білсін деп осында алып келіп қойып отырмын.»
Көрменің ашылуына ғалымның әріптестері мен шәкірттері қатысты. Зерттеушінің ғылымдағы рөлі мен ашқан жаңалықтарының мән-маңызына тоқталып, есті естеліктерімен бөлісті. Зиялы қауым өкілдері әрбір жәдігер келушілерді ғылымға ынталандырып, құрметпен қарауға шақыратынын айтады.
АБАЙ БАЛАЖАН, «ОҢТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН» ГАЗЕТІНІҢ БАС РЕДАКТОРЫ
– «Бүгінгі тарихи өлкетану мұражайы ұжымының бұл еңбегі мақтауға лайық. Ғалымдарды қадірлеу керегін ұғындырып отыр.» «Осындай іс-шара өтті деп қоя салатын нәрсе емес бұл.»
Көрмеге Әбдірахман Омбаевтың ғылыми еңбектері, жеткен жетістіктері мен марапат-медальдары, қағаз-құжаттары қойылған. Қызмет барысындағы естеліктер фото суреттері де бар. Келушілер ғалым жүріп өткен жолдан үлгі алып, ғылымға деген қызығушылығын арттыра алады.