Негізгі Жаңалықтар АРЫСТА ӨРТ СӨНДІРУ БӨЛІМІНІҢ ҒИМАРАТЫ ЖАҢАРТЫЛДЫ

АРЫСТА ӨРТ СӨНДІРУ БӨЛІМІНІҢ ҒИМАРАТЫ ЖАҢАРТЫЛДЫ

Арыс қаласында өрт сөндірушілердің қызметтік базасы жаңарды. Күрделі жөндеуден өткен №7 өрт сөндіру бөлімінің ғимараты пайдалануға берілді. Ашылу рәсіміне Төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұханов, Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров және сала өкілдері қатысты. Жаңартылған нысан Арыс қаласы мен оған қарасты ауылдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қызмет етеді.

Салтанатты рәсімде өңір басшысы жаңа нысанның маңызын атап өтті. Оның айтуынша, соңғы екі жылда облыста өрт сөндіру қызметінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға және өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жергілікті бюджеттен 1,7 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген.

НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
 – «Бұл нысан 76 мыңға жуық тұрғыны бар Арыс қаласын және ауылдарын төтенше жағдайлардан қорғауға қауқарлы. Өрт – тілсіз жау. Апат айтып келмейді. Сондықтан қайғылы жағдайлардың алдын алу үшін осы салаға ерекше назар аударып отырмыз.»

Өңірде құтқару қызметінің мүмкіндігін арттыру жұмыстары жалғасуда. Осы уақытқа дейін 36 өрт сөндіру көлігі сатып алынып, «Ауыл құтқарушысы» жобасы аясында 16 өрт сөндіру бекеті ашылған. Жыл соңына дейін тағы 11 бекетті іске қосу жоспарланған. Ал Сауран және Төлеби аудандарында жалпы құны 1,6 миллиард теңгені құрайтын өрт сөндіру бөлімдері пайдалануға берілген.

МҰРАТ МҰХАНОВ, ҚР ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР МИНИСТРІ
– «Жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп алдағы уақытта да осындай жаңғырту жұмыстарын іске асырамыз деген ойдамын. Осы игі іске мұрындық болған Нұралхан Көшеровке, мердігер мекемеге және атсалысқан басқа да азаматтарға алғысымыз шексіз.»

 Жаңғыртылған ғимаратта өрт сөндірушілердің қызмет атқаруына және тынығуына барлық жағдай қарастырылған. Мұнда техникаға арналған гараж, қызметтік және тұрмыстық бөлмелер жаңартылған. Сондай-ақ спорт залы, жаттығу және футбол алаңдары жабдықталған. Бөлім аумағында демалыс орындары мен субұрқақ та бар. Жаңа инфрақұрылым құтқарушылардың кәсіби дайындығын жетілдіріп, төтенше жағдайларға жедел әрекет етуіне мүмкіндік береді.

Бөлісу