ТӨРТ ЕЛДІ МЕКЕННІҢ СУ ЖҮЙЕСІ ЖАҢАРТЫЛАДЫ
Мақта зауытының құрылысымен танысқан өңір басшысы төрт елді мекеннің су инфрақұрылымын жаңғырту барысын да бақылады. Нұралхан Көшеров Қазата, Таңатар, Шаян және Жамбыл ауылдарындағы су құбыры мен тазарту қондырғысын қайта жаңарту жобасының орындалу барысымен танысты. Құрылыс жұмыстары былтыр басталған.
Жоба ауқымды. 46 шақырымнан астам полиэтилен құбыры тартылып, 15 су құдығы орнатылады. Сондай-ақ тәулігіне 4500 текше метр су тазартатын қондырғы салынады. Бүгінге дейін 16,5 шақырым траншея қазылып, құбырлар төселген. Нысанды 2027 жылдың соңына дейін пайдалануға беру көзделіп отыр. Өңір басшысы мердігерлерге құрылыс сапасын қатаң сақтап, жұмысты бекітілген кестеден кешіктірмеуді тапсырды. Сонымен қатар атқарылған жұмыстарды тұрақты бақылауда ұстап, туындаған мәселелерді жедел шешу қажеттігін ескертті.