Негізгі Жаңалықтар ШӘМШІ МҰРАСЫ ҰЛЫҚТАЛДЫ

ШӘМШІ МҰРАСЫ ҰЛЫҚТАЛДЫ

Қазақ вальсінің королі Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылық мұрасы жаңа қырынан танылды. Шымкентте композитордың құрметіне «Ән аға – Жан аға» атты ауқымды концерттік кеш өтті. Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филармония ұйымдастырған іс шарада көпшілікке кеңінен таныс туындылармен қатар, бұрын-соңды орындалмаған әндер тұңғыш рет шырқалды.


Ұлттық өнер мен классикалық әуен үйлесім тапқан кешті Сүгір атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрі, «Алаш» және «Тұмар» ансамбльдері сүйемелдеді. Өнер кешінің көркін елге танымал әншілер қыздыра түсті. Әуезді ән мен сахналық өнер тоғысқан бұл іс шара ұлы сазгердің өлмес мұрасын ұлықтап, көрермен қауымға рухани серпін сыйлады.


 НҰРЖАМАЛ ҮСЕНБАЕВА, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ХАЛЫҚ ӘРТІСІ
Шәмші Қалдаяқовтың әндері халықтың жүрегіндегі әндер.Менің репертуарымда да Шәмшінің әндері бар.Оларды шетелде де шырқап жүрмін.Бүгін «Қайықта» деген әнді сахнада орындаймын.


 Кеш барысында сазгердің «Бір әнім», «Ерлердің Отаны» атты тың туындылары алғаш рет көрермен назарына ұсынылды. Композитордың әйгілі әндері шет тілінде шырқалып, әр шығарманың шығу тарихын баяндайтын сахналық қойылымдар көрсетілді.


 НАРКЕНЖЕ СЕРІКБАЕВА, ӘНШІ,  ҚР ЕРЕН ЕҢБЕГІ ҮШІН МЕДАЛІНІҢ ИЕГЕРІ
Қай өңірде болса да, Шәмшінің әндері ұлықталуы керек, өлмеуге тиіс.Отырардағы той десе, бірден мені көпшілік есіне түсіріп жатады.Ал бүгін Сыған серенадасын орындайын деп тұрмын.


Кеш соңында көрермен қауым өнерпаздарға тік тұрып қошемет көрсетті. Танымал туындыларды қосыла шырқап, Шәмші әндерін қайта жаңғыртты.

Бөлісу