Негізгі Жаңалықтар «AGROBIOTECH DAY – 2026»

«AGROBIOTECH DAY – 2026»

Бүгін Шымкентте тың идея мен тәжірибе бір арнаға тоғысты. Ауыл шаруашылығы қызметкерлері күні қарсаңында Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінде ғылыми-инновациялық форум өтті. Көрмеде отандық агросекторды жаңа деңгейге көтеретін жобалар ұсынылды. Толығырақ тілшіміз тарқатып айтады.


АРУЖАН САМИДИН, ТІЛШІ
Ғылым зертханада қалып қоймай, өндіріске қызмет етуге тиіс. Бүгінгі көрменің басты мақсаты да – осы. Мұнда ғылыми-зерттеу институттары өз жаңалықтарын таныстырса, отандық кәсіпорындар табиғи әрі сапалы өнімдерін ұсынды.


Оңтүстіктің экономикалық әлеуеті десе, мақта шаруашылығы ойға оралады. Алайда су тапшылығы мен климаттың құбылуы бұл салаға жаңа талап қойып отыр. Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінің ғалымдары бұл түйткілді шешу үшін мақта кластерін дамытудың тың тетіктерін қолға алды. Тұқым себуден бастап, талшықты терең өңдеуге дейінгі кешенді жобалар саланы жаңа сатыға көтермек.


ХАЙДАР ТАСИБЕКОВ, М.ӘУЕЗОВ АТЫНДАҒЫ ОҚЗУ ПРОРЕКТОРЫ
Мақтаның егісіне жаратылатын тұқымның 40 проценті Қазақстанда өндіріледі, қалған 60 проценті импортталады.Қазір сол тұқымдарды өзімізде өндіру мәселесін өндірістін сынақтан өткізіп жатырмыз.Қазір мақта шаруашылығын дамыту мәселесі көзделіп отыр.


 Көрмеге қойылған ауыл шаруашылығы өнімдері көз тартады. Мұнда ауыр техникадан бастап, заманауи тұқым түрлері мен күнделікті тұтынатын эко-тағамдарға дейін бар. Дәстүрлі тәттілердің құрамындағы ақ қант ағзаға ауыр тиетіні белгілі. Ал көрмеге келген жергілікті технологтар қанттың орнына қауіпсіз қоспаны қолданады. Тіпті, нан өнімдерін де ашытқысыз, табиғи әдіспен дайындайды. Айтуларынша, бұл қант диабетіне шалдыққан науқастар үшін таптырмас өнім.


КЛАРА ОРАЗБАЕВА, М.ӘУЕЗОВ АТЫНДАҒЫ ОҚЗУ ДОЦЕНТІ
Біздің университет бүгін өндіріс орындарымен бірге жәрмеңке өткізіп жатыр. Біз жергілікті кондитерлік үймен бірігіп, ерекше технология ойлап таптық. Тәттілерді дайындау барысында кәдімгі ақ қантты мүлдем қолданбаймыз. Оның орнына табиғи қант алмастырғыштарды пайдаланамыз. Әрі нанды да ашытқысыз дайындаймыз. Басты мақсатымыз – тұтынушыларға сапалы отандық өнім ұсыну.


Іс-шара барысында оқу орны мен агробизнес өкілдері ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бұл болашақта бірлескен жобаларды жүзеге асырып, жас мамандарды өндіріске бейімдеуге жол ашады. Ал жиын соңы мерекелік концертке ұласты.

Бөлісу