ПЕРМЬ МЭРІ ДЕНДРОПАРККЕ ШЫНАР ЕКТІ
Шымкенттегі Құрметті қонақтар аллеясы тағы он шынармен толықты. Ағаш отырғызу рәсіміне Ресейдің Пермь қаласының мэрі Эдуард Соснин бастаған делегация қатысты. Бұл - қос шаһар арасындағы достық пен ынтымақтастықтың символдық көрінісі.
Пермь делегациясының басшысы Шымкентке жасаған алғашқы сапарынан-ақ екі қаланың өзара жақындығын байқаған. Оның айтуынша, экономикалық, мәдени және тарихи байланыстарды дамытуға мүмкіндік мол. Ресейдегі ірі қалалардың бірі саналатын Пермь Қазақстанның өзге де өңірлерімен әріптестік орнатуға мүдделі.
ЭДУАРД СОСНИН, ПЕРМЬ ҚАЛАСЫНЫҢ МЭРІ / РЕСЕЙ ФЕДЕРАЦИЯСЫ
Бұл қала бірден менің назарымды аударды. Себебі Пермь мен Шымкенттің арасында көптеген ұқсастықтар бар екенін байқадық. Ресей мен Қазақстан арасында тарихи байланыстар ежелден қалыптасқан, өйткені халықтарымыздың ортақ тамыры бар. Шымкентке келудегі басты мақсатымыз - екі ел арасындағы байланысты нығайту, сондай-ақ халықтарымыз бен қалаларымыз арасында экономикалық, мәдени, достық және туризм саласындағы қарым-қатынастарды дамыту.
Қонақтарды Шымкенттің көрікті орындары мен жасыл желекке көмкерілген келбеті де тәнті еткен. Пермь қаласы әкімшілігінің өкілі екі шаһардың табиғи ерекшеліктері ұқсас екенін атап өтті. Айтуынша, бұл туризм саласындағы ортақ жобаларды жүзеге асыруға жол ашады.
НАТАЛЬЯ НИФЕДОВА, ПЕРМЬ ҚАЛАСЫ ӘКІМШІЛІГІНІҢ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАТЫНАСТАР БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ
Біздің қаламыз да жасыл аймаққа бай. Табиғи келбеті жағынан Шымкент пен Пермь қалаларының ұқсас тұстары көп. Сапар барысында ерекше әсерге бөленудеміз. Бұған дейін Оқушылар сарайын көріп, қаланың бірқатар көрікті жерлерін араладық. Шымкенттің тазалығы, сәулетті ғимараттары мен саябақтарының көптігі тәнті етті. Бұл - менің Қазақстанға алғаш рет келуім. Болашақта қос шаһар арасындағы әріптестік байланыс одан әрі беки түсетініне сенімдімін.
Делегацияның сапар бағдарламасы Шымкенттің туристік және инвестициялық әлеуетімен танысуды да қамтиды. Қонақтарға Цитадель, этноауыл және жаңадан бой көтерген саябақтар таныстырылады. Сондай-ақ қаланың инвестициялық мүмкіндіктері мен креативті индустрия бағытындағы жобалары таныстырылмақ.
БЕКСҰЛТАН ӘДІЛХАНОВ, ҚАЛАЛЫҚ ТУРИЗМ, СЫРТҚЫ БАЙЛАНЫСТАР ЖӘНЕ КРЕАТИВТІ ИНДУСТРИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Бүгін біз Оқушылар сарайын араладық. Екінші нысан - дендропарк. Қазір ағаш отырғызу рәсімін аяқтадық. Одан соң қаланың туристік нысандары бар. Ол -Цитадель, этноауыл. Сонымен қатар биыл жаңадан салған саябақтарымызды көрсетеміз. Ертең қаланың инвестициялық мүмкіндіктерін келген қонақтарға толық таныстырамыз.
Айта кетейік, сапардың алғашқы күнінде Шымкент пен Пермь қалалары бауырластық қарым-қатынас орнату туралы меморандумға қол қойған болатын. Құжат екі шаһар арасындағы іскерлік, мәдени және гуманитарлық байланысты нығайтуға негіз болады. Ендігі міндет -келісімді нақты жобалармен толықтырып, өзара әріптестікті жаңа деңгейге көтеру.