Негізгі Жаңалықтар ҰЛТТЫҚ ҚОРДАН 6,5 ТРЛН ТЕҢГЕ БӨЛІНЕДІ

ҰЛТТЫҚ ҚОРДАН 6,5 ТРЛН ТЕҢГЕ БӨЛІНЕДІ

Президент Жолдауы – ел дамуының стратегиялық бағдары. Онда цифрландыру, білім беру мен денсаулық сақтау салаларын жетілдіру, әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту бағытындағы нақты міндеттер белгіленген. Ендігі мәселе – осы жоспарларды жүзеге асыру. «Әділет» партиясының қалалық филиалы мүшелері бас қосып, Жолдаудағы басым бағыттарды талқылады.


«Ақиқат» бастауыш партия ұйымы мүшелерімен өткен кездесуде әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту мәселесіне басымдық берілді. Әсіресе, жаңа мектептер мен балабақшалар салу, мәдениет және спорт нысандарын көбейту, инженерлік желілерді жаңғырту жайы сөз болды. Сондай-ақ құрылыс жылы аясында инфрақұрылымдық жобаларға Ұлттық қордан 6,5 триллион теңге бағыттау көзделгені айтылды.


МАҚСАТ ЖОЛДАСБЕКОВ, «ӘДІЛЕТ» ПАРТИЯСЫ ЕҢБЕКШІ АУДАНДЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ
«Елімізде үлкен инфрақұрылымды ретке келтіру бойынша қай жерде мектеп жетіспейді, қай жерге балабақша жетіспейді, қай жерге мәдениет үйі, қай жерге спорт кешені жетіспейді, қай жерге су жүргізу керек, қай жерге электр қуатын жеткізу керек сияқты осындай мәселелердің барлығын қамтамасыз ету бойынша алдағы жылдары ауқымды құрылыс жүретінін айттық. Оған Ұлттық қордан 6,5 триллион теңгенің бөлініп отырғаны – оның барлығы халықтың әл-ауқатын жақсарту мақсатында».


Жаңа мектептер мен әлеуметтік нысандардың салынуы – инфрақұрылымды дамытудың маңызды бөлігі. Кездесуге қатысқан Бауыржан Қаработа да құрылыс жылы аясындағы бастамалар білім беру саласына тың серпін беретініне сенімді. Оның айтуынша, жаңа білім ошақтары оқушы орындарының тапшылығын азайтуға мүмкіндік береді.


 БАУЫРЖАН ҚАРАБОТА, «АҚИҚАТ» БАСТАУЫШ ПАРТИЯ ҰЙЫМЫНЫҢ МҮШЕСІ
«Қаламыздың өзінде 10 шақты болашақ мектептері ашылған. Енді келешекте де осындай кіріктірілген үлкен мектептер ашылады деді. Біз сол жаңалықтарды қуанышпен қабылдадық».


 Жиын соңында партия мүшелері өздерін толғандырған сауалдарын қойып, алдағы міндеттерді жүзеге асыру жолдарын талқылады. Қатысушылар Жолдауда белгіленген бастамалар жүйелі орындалса, әлеуметтік инфрақұрылым жақсарып, тұрғындардың өмір сапасы арта түсетінін атап өтті.

Бөлісу