Негізгі Жаңалықтар ТМД ЕЛДЕРІНІҢ БАС ҚҰТҚАРУШЫЛАРЫ БАС ҚОСТЫ

ТМД ЕЛДЕРІНІҢ БАС ҚҰТҚАРУШЫЛАРЫ БАС ҚОСТЫ

Бүгін Шымкентте ТМД елдерінің бас құтқарушылары бас қосты. Мегаполисте Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекетаралық кеңестің 38-ші отырысы өтті. Келіссөздер үстелінде заманауи цифрлық технологияларды енгізу мен өңірлік болжау орталығын құру мәселелері талқыланды. Толығырақ тілшіміз Аружан Самидин баяндайды.


Табиғи апат пен техногендік қауіп шекара талғамайды. Су тасқыны, алапат орман өрті мен жер сілкінісі бір мезетте бірнеше мемлекетке қатер төндіруі мүмкін. Сондықтан ТМД елдерінің құтқару ведомстволары күш біріктіруге бекінді. Шымкент төріндегі алқалы жиынға Қазақстан, Ресей, Беларусь, Өзбекстанның Төтенше жағдайлар министрлері мен Әзербайжан, Қырғызстан, Тәжікстан және Арменияның сала басшылары қатысты.


ВАДИМ СИНЯВСКИЙ, БЕЛАРУСЬ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР МИНИСТРІ
Біз үшін бұл халықаралық алаңның маңызы зор. Өйткені әрқайсымыздың ерекшеліктеріміз бар. Біздің елдерімізде орын алатын төтенше жағдайлардың түрлері мамандарды даярлау барысында тәжірибелік тұрғыдан аса маңызды рөл атқарады. Бүгін қарастырылып отырған өзара іс-қимылдың негізгі бағыттарының бірі – төтенше жағдайларға тап болған азаматтарымызға қатысты ақпаратты қабылдау және беру мәселелері. Мұндай жағдайларда жедел әрекет етіп, қажетті көмек көрсету аса маңызды. Бұл – бүгінгі өзекті міндеттерімізді шешудегі маңызды тетіктердің бірі.


АРУЖАН САМИДИН, ТІЛШІ
Араға 11 жыл салып елімізде қайта өтіп жатқан бұл отырыстың маңызы зор. Өйткені соңғы жылдары климаттың құбылуы құтқару қызметіне жаңа талаптар қойып отыр. Бүгінгі жиында Қазақстан тарапы төтенше жағдайларды алдын ала болжайтын Өңірлік орталық құру бастамасын көтерді. Бұл іс бауырлас елдердің ақпарат алмасуын жеделдетіп, кез келген апатқа тосқауыл болуға мүмкіндік береді.


 АЛЕКСАНДР КУРЕНКОВ, РЕСЕЙ ТЖМ БАСШЫСЫ
Отырыс нәтижелі өтті. Төтенше жағдайлар жөніндегі Мемлекетаралық кеңеске төрағалық ету міндеті Қазақстан Республикасына өтті. Қазақстандық әріптестеріміз Кеңес жұмысының сабақтастығын қамтамасыз ететініне сенімдімін. Бүгін біз халықтың қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін бірқатар шешімдер қабылдадық. Трансшекаралық төтенше жағдайлар туралы ақпарат неғұрлым жедел жеткізілсе, көмек те соғұрлым уақтылы көрсетіледі.


Бүгінгі таңда Қазақстан апаттың салдарымен күресуден гөрі, оның алдын алуға күш салып келеді. Отырыста Төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұханов отандық цифрлық жетістіктерді таныстырды. Қазір елімізде орман өрттерін ерте анықтауға жасанды интеллект тартылса, шалғай аумақтарды барлауға ұшқышсыз ұшу аппараттары жұмылдырылған. Тіпті, соңғы бір жылда электромобильдердің көбеюіне байланысты, өрт сөндіру алгоритмдері де толық жаңартылыпты. Бұдан бөлек, елімізде 311 ерікті құрылымды біріктірген «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы мыңға жуық елді мекеннің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.


 МҰРАТ МҰХАНОВ, ҚР ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР МИНИСТРІ
Азаматтық қорғау саласының қызметкерлерін дайындау, заманауи техникаларды алу бойынша мемлекет тарапынан көмек бар.Қазіргі таңда біздің материалдық-техникалық базамыз жетпіс пайызға жетті.Оны біз кезең-кезеңімен жалғастырамыз.


 Халықаралық кеңес аясында шетелдік меймандарға отандық өндірушілер шығарған заманауи өрт сөндіру менқұтқару техникаларының көрмесі таныстырылды. Сондай-ақ, тараптар маман даярлау ісін де сөз етті. Бүгінде қазақстандық құтқарушылар Ресей мен Беларусьте білімін жетілдірсе, Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясы Қырғызстан мен Тәжікстан үшін білікті кадрлар даярлайды.


МҰРАТ МҰХАНОВ, ҚР ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР МИНИСТРІ
 Қазіргі таңда біз Қытайдан мамандарды күтіп отырмыз. Осы мәселе бойынша біз мұны басқа ТМД мемлекеттерге бұл ұсынысты айттық. Мұндай ұсыныстар көп болды. Бүгінгі шешімге ол енгізіледі. Соның аясында жұмысты жалғастырамыз.


 АРУЖАН САМИДИН, ТІЛШІ
 Алқалы жиын соңында ТМД елдерінің құтқару ведомстволары өзара ынтымақтастықты нығайтатын маңызды келісімдерге қол қойды. Бұл құжаттар алдағы уақытта бірлескен оқу-жаттығулар өткізіп, төтенше жағдайлар кезінде жедел әрекет етуге жол ашады. Ең бастысы – бұл кездесуде ортақ қауіпсіздік жолындағы әріптестік жаңа деңгейге көшті.


Бөлісу