Негізгі Жаңалықтар ТӨЛЕБИДЕ ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫҚ ЖОБАЛАР ҚАРҚЫН АЛҒАН

ТӨЛЕБИДЕ ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫҚ ЖОБАЛАР ҚАРҚЫН АЛҒАН

Төлеби ауданында жол жөнделіп, мектептер мен спорт нысандары салынуда. Ауыз су жүйесін жаңғыртуға да қомақты қаржы бағытталған. Биыл тоғыз айда аудан экономикасы 146 миллиард теңгеге жетті. Өңірдің даму барысы Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің тұрғындармен кездесуінде баяндалды.

Алдымен ауданның әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері таныстырылды. Жалпы өңірлік өнім көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9,8 пайызға артқан. Өнеркәсіп өндірісі 55,3 миллиард, ауыл шаруашылығы 45,9 миллиард теңгені құрады. Негізгі капиталға 37,4 миллиард теңге инвестиция тартылған. Инфрақұрылымдық жобалар да кезең-кезеңімен жүзеге асуда. «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында былтыр 11 елді мекенде 1,2 миллиард теңгенің 7 жобасы іске асырылды. Нәтижесінде 21,2 шақырым жол жөнделіп, жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 95,2 пайызға жетті.


Білім және спорт саласында да жаңалық бар. Ынтымақ ауылында 150 орындық мектеп ашылды. Зағамбардағы білім ұясы күрделі жөндеуден өтті. Көксәйекте спорт кешені пайдалануға берілсе, Момынайдағы нысан жыл соңына дейін аяқталмақ. Ауыз су мәселесін шешуге жалпы құны 11,6 миллиард теңгені құрайтын 7 жоба қолға алынған. Бірқатар елді мекенде су құбырлары тартылып, Ленгір қаласының сумен қамту жүйесін жақсарту жұмыстары жүргізілуде. Ал Жоғарғы Қасқасуда жаңа су құбырын салу 2027 жылға жоспарланған. Кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 67 жобаға 574 миллион теңге бөлінді. Ленгір қаласындағы «Төле би баба» музейі пайдалануға берілді. Киелітас ауылындағы мәдениет үйінің құрылысын аяқтауға 100 миллион теңге қарастырылған.


Кездесуде өткен жылы тұрғындар көтерген 12 мәселенің 11-і шешімін тапқаны айтылды. Қалған мәселе бойынша жұмыстар жалғасуда. Кездесу соңында тұрғындар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Облыс әкімі көтерілген мәселелердің шешілу барысын бақылауда ұстайтынын айтты.


Бөлісу