«ШЫМҚАЛА КЕШТЕРІ» ЖОБАСЫ ЖАЛҒАСАДЫ
Қала халқына рухани демалыс сыйлайтын «Шымқала кештері» жобасы жалғасын тапты. Жаңа маусымдағы алғашқы мәдени іс-шаралар Ақжар және Өтеміс елді мекендеріндегі мәдениет үйлерінде ұйымдастырылды. Жоба өнерді шалғай аумақтардағы көрерменге де қолжетімді етуді көздейді.
Мәдени демалысты тиімді ұйымдастырып, халықтың көңіл-күйін көтеру. «Шымқала кештері» жобасы дәл осы мақсатты көздейді. Алғашқы басқосудың бірі Ақжар мәдениет үйінде өтті. Мұнда Шымкент қалалық әзіл-сықақ және сатира театрының әртістері өнер көрсетті. Қоғамдағы түйткілдер мен күнделікті тұрмыстағы түрлі жайттарды астарлы әзілмен өрнектеген сатиралық қойылымдар көрерменді күлкіге кенелтіп, терең ойға жетеледі.
ЖҮСІП АҚШОРА, ҚР МӘДЕНИЕТ ҚАЙРАТКЕРІ, ӘЗІЛКЕШ
Осы Ақжар ауылына келген себебіміз-әр сенбі әрі жексенбі күндері тұрғындарға арналған концерттер ұйымдастырылады. Осы шет жақтағы ауылдардың тұрғындарына концерт беріп, мерейін өсіріп, көңіл-күйін көтерейік деген ниетпен келдік.
Ұйымдастырушылар мұндай кеш шалғай жатқан аумақтарда алғаш рет өтіп жатқанын айтады. Бұған дейін қала орталығын қамтыған рухани іс-шара енді шет елді-мекендерде де ұйымдастырылады.
РОЛАН ҚОНЫСБЕК, «АҚЖАР» МӘДЕНИЕТ ҮЙІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ
Күн суытқан кезде осындай шалғай жатқан елді-мекендерде концерт беріліп жатыр. Қалаға қарасты он мәдениет үйі бар. Соның бәрінде кеш ұйымдастырылуда. Мұндай концерттік ұйымдар екі аптада, үш аптада бір келеді. Сыйлықтарымыз да бар.
Мұнан соң рухани кеш Өтеміс мәдениет үйінде жалғасты. Өнерпаздар жиналған қауымға әсем ән мен мазмұнды концерттік бағдарлама тарту етті. Түрлі өнер үлгілері тоғысқан кеште көрермендер ерекше әсерге бөленді.
БАХРАМЖАН БЕГІМБЕТОВ, «ҚАРАТӨБЕ» МӘДЕНИЕТ ҮЙІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ
Әр апта сайын әзіл-сықақ театры, цирк, қазақ драма театрының әртістері келіп, өнер көрсетеді.Өзіміз де түрлі мәдени іс-шараларды ұйымдастырып тұрамыз.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Шымқала кештері» жобасы мұнымен шектелмейді. Алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасып, қаланың өзге де аумақтарында түрлі театрландырылған қойылымдар мен концерттік бағдарламалар ұсынылмақ.