Негізгі Жаңалықтар ТЕҢГЕ ТАРИХЫ – ТӘУЕЛСІЗДІК ШЕЖІРЕСІ

ТЕҢГЕ ТАРИХЫ – ТӘУЕЛСІЗДІК ШЕЖІРЕСІ

Биыл төл теңгеміздің айналымға енгеніне 33 жыл. 15 қараша – Ұлттық валюта күніне орай Шымкентте тарихи көрме ұйымдастырылды. Ұлттық банктің қалалық филиалы есігін айқара ашып, тұрғындар мен жастарға теңгенің терең тарихын таныстырды. Көрмеге қазіргі банкноттармен қатар, ғасырлар қойнауынан жеткен көне тиындар да қойылды.


 «Төл теңгеміз – тәуелсіздік тұғыры». Көшпелі көрменің атауы осындай. Ұлттық банктің Шымкент қалалық филиалында өткен шараға «Ордабасы» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының жәдігерлері әкелінді. Келушілер Ұлы Жібек жолының бойындағы көне Отырар мен Испиджаб қалаларында соғылған ортағасырлық күміс және мыс тиындарды тамашалады. Тарихи жәдігерлер арқылы ұлттық валютаның қалыптасу кезеңдері мен ақша айналымының ерекшеліктері таныстырылды.


ДОСАЛЫ АМАНГЕЛДИЕВ, «ОРДАБАСЫ» ҰЛТТЫҚ-ТАРИХИ МУЗЕЙ ҚОРЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ
Мұндағы біздің мақсатымыз Шымкент қаласы мен Түркістан облысының халқына төл теңгеміздің терең тарихы мен оның әрқилы ерекшеліктері мен өзгерістерін таныту болып табылады. Бүгін мұнда ұлттық банктің филиалында осы қаржы саласында атқарып жатқан барлық деңгейде қаржыгерлер қатысып отыр. Қазіргі таңда біз Одабасы ұлттық тарихи-мәдени музей қорығы біздің жүзге жуық төл теңгеміздің осы өзіміздің ел аумағында табылған тарихи археологиялық теңгелерімізді алып келіп отырмыз және көпшілікке соны түсіндіріп отырмыз.


 Көрмеде тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында айналымға енген банкноттардан бастап, бүгінгі заманауи үлгілерге дейінгі теңге тарихы қамтылған. Сондай-ақ алтын мен күмістен соғылған сирек коллекциялық және инвестициялық монеталар да келушілердің қызығушылығын арттырды. Ашық есік күні аясында қаржы саласының бірқатар қызметкері марапатталды. Оларға қала әкімінің атынан алғыс хаттар табысталды.


 АНУАР БОТАНБЕКОВ, ҚАЗАҚСТАН ҰЛТТЫҚ БАНКІНІҢ ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ
Бүгінгі таңда теңгеміз конституцияға еніп, оның мәртебесі өсті. Екіншіден экономикамыз өсіп жатыр. Қолма-қол ақша экономикада жүреді, қолма-қол ақша қазігі заманның дамуына байланысты теңгенің басқа түрлері цифрлық дейміз, басқада қаржылық активтер шығып жатыр.  Бүгнгі таңда филиалымызда музеймн бірге іс-шара өткізіп, қаржы саласының қызметкерлерін марапаттап, басқа да ашық есік күнін өткізіп жатырмыз. Студенттерімізді ниверситеттердегі оларға да көрсетіп іс-шара өткізіп жатырмыз.


Теңге – ел тәуелсіздігінің экономикалық тірегі әрі ұлттық тарихтың ажырамас бөлігі. Көрме осы құндылықты жас ұрпаққа танытып, төл валютамыздың өткеніне үңілуге мүмкіндік берді. Ұлттық банк өкілдері мұндай танымдық кездесулерді алдағы уақытта да жалғастырмақ.

Бөлісу