Негізгі Жаңалықтар ҒЫЛЫМДЫ ДАМЫТУДЫҢ ЖАҢА БАҒЫТТАРЫ АЙҚЫНДАЛДЫ

ҒЫЛЫМДЫ ДАМЫТУДЫҢ ЖАҢА БАҒЫТТАРЫ АЙҚЫНДАЛДЫ

Шымкентте өңір ғылымын дамытудың жаңа бағыттары айқындалды. Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінде қала әкімдігімен бірлескен ауқымды форсайт-сессиясы өтті. Жиын аясында оқу орнында жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдаланатын арнайы медиастудия мен жаңа орталық іске қосылды.


 Ғылым мен өндіріс арасындағы алшақтықты жою – бүгінгі күннің басты талабы. Осы мақсатта Әуезов университетінде бас қосқан жоғары оқу орындарының ғалымдары мен ірі кәсіпорын өкілдері өңір экономикасына серпін беретін тың жобаларды талқылады. Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен өткен форсайт-сессиясында аймақтың ғылыми-технологиялық даму картасы сараланды.


 ХАЙДАР ТАСЫБЕКОВ, М. ӘУЕЗОВ АТЫНДАҒЫ ОҢТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ЗЕРТТЕУ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ПРОРЕКТОРЫ
 – «Форсайт орталығындағы негізгі жұмыс – Шымкент мегаполисінің негізгі интеллектуалдық әлеуеті болып табылатын 9 университет ғалымдарының мүмкіндіктерін оңтүстік өңірдің ғылыми-технологиялық тұрғыдан дамуына жұмылдыру. Яғни, осы бағытта белгіленген ауқымды міндеттер мен жоспарларды жүзеге асыру. Мысалы, жуырда университет базасында қалалық әкімдікпен бірлесе отырып хакатон өткізілді. Сол кезде 8 жоба тақырыбы ұсынылды. Соның біреуі қаржыландыруға бекітілді».


 Алқалы жиын нақты нәтижелермен қорытындыланды. Университет қабырғасында жаңа Форсайт орталығы ашылып, алдағы зерттеулерге жол ашты.


Бұдан бөлек, оқу орны мен Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бұл құжат жергілікті ғалымдардың республикалық деңгейдегі іргелі зерттеулерге тікелей араласуына мүмкіндік бермек. Шараның тағы бір маңызды жаңалығы – «AUEZOV AI MEDIA STUDIO» медиастудиясының іске қосылуы. Енді мұнда оқытушылар мен студенттер жасанды интеллекттің көмегімен сапалы бейнесабақтар мен заманауи цифрлық оқу материалдарын әзірлей алады. Бұл білім беру үдерісін жаңа деңгейге көтеріп, күрделі дәрістерді визуалды түрде жеңіл меңгеруге жағдай жасайды.


МҰХТАР ТӨЛЕГЕН, М. ӘУЕЗОВ АТЫНДАҒЫ ОҢТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ЗЕРТТЕУ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ РЕКТОРЫ
 – «Жаңа ғана өздеріңіз куә болдыңыздар. Бұл жерде «AUEZOV AI MEDIA STUDIO» орталығы ашылды. Ол жерде жаңа интерактивті құрылғылардың көмегімен дәрістер мен үлкен курстар базасын қалыптастыруға болады. Нью-Йорктегі арнайы реестрге енгізуге мүмкіндік беретін лекциялық орталық деп айтуға болады. Жасанды интеллект қолдана отырып, интернет желісіне толықтай қосылған. Сондықтан, әрине, контенттің мазмұны мен шынайылығына автордың өзі жауап береді. Ал университет атынан біз заманауи құрылғылармен қамтамасыз еттік. Олар контентті басқа да ресурстардан алып, бірден дәріс барысында қолдана алады».


Осылайша, іргелі оқу орны ғылыми ізденістер мен озық цифрлық технологияларды ұштастыра отырып, өңірдің инновациялық экожүйесін қалыптастыруға кірісті. Мұндағы жаңа орталықтар мен цифрлық студия алдағы уақытта тек университет ұжымына ғана емес, жалпы өңірдің ғылыми әлеуетін арттыруға қызмет етпек.
 

Бөлісу