ЖЕТІСАЙДА 15,6 МЛРД ТЕҢГЕЛІК ЖОБА ЖҮЗЕГЕ АСАДЫ
Түркістан облысында ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау мен өндірудің жаңа кешені бой көтереді. Жетісай ауданының Асықата кентіндегі индустриалды аймақта жеміс-көкөніс сақтайтын заманауи қойма мен өнеркәсіптік жылыжай салынады. Құны 15,6 миллиард теңге болатын инвестициялық жобаны «MIR AGRO KZ» серіктестігі жүзеге асырады.
Жобаның барысын пысықтау үшін облыс әкімі Нұралхан Көшеров инвестормен кездесті. Кездесуде құрылыс кезеңдері мен алдағы жоспарлар сөз болды. Жоба екі кезеңмен жүзеге асады. Алғашқы кезеңде сыйымдылығы 8 мың тонналық заманауи қойма салынып жатыр. Нысанды жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған. Ал келесі кезеңде өнеркәсіптік жылыжай кешені бой көтереді. Мұнда жылына 6 мың 600 тоннаға дейін құлпынай өндіру көзделген. Жоба толық іске қосылғанда 30 тұрақты және 100 маусымдық жұмыс орны ашылады. Облыс әкімі инвесторға құрылыс жұмыстарын белгіленген мерзімде әрі сапалы аяқтап, заманауи технологияларды енгізуді тапсырды. Сондай-ақ жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға басымдық беруді ескертті.