БАЛЫҚ ӨНДІРІСІ ҚАРҚЫН АЛДЫ
Түркістан облысы – елімізде жасанды жолмен балық өсіруден көш бастап тұрған өңір. Мұнда балық шаруашылығы қарқынды дамып, жаңа өндіріс орындары ашылуда. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров Төлеби ауданына жұмыс сапары кезінде Достық ауылындағы «Fish House» серіктестігінің жұмысымен танысты. Өңір басшысы кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау шараларын атап өтіп, саланы дамытуға бағытталған бастамаларға қолдау білдірді.
«Fish House» серіктестігіне кәсіпкер өз қаражаты есебінен 600 миллион теңге инвестиция салған. Мұнда форель, сазан, бекіре және ақ амур өсіріледі. 2024 жылдың күзінде құрылған кәсіпорын 2025 жылдың шілдесінде іске қосылды. Шаруашылықтың басты ерекшелігі – балықты уылдырықтан бастап, тауарлық өнімге дейін өсіру. Өндірістік қуаты жылына 300 тоннаға дейін жетеді. Қазір мұндағы балық қоры 230 тоннаны құрайды. Оның 150 тоннасы – сазан, 40 тоннасы – форель, 30 тоннасы – бекіре, 10 тоннасы – ақ амур. Кәсіпорында 20 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Алдағы уақытта еркін экономикалық аймақ аумағында балық жемін өндіретін зауыт ашу жоспарланып отыр. Айта кетейік, Түркістан облысында 2030 жылға дейін тауарлық балық өсіру көлемін 20 мың тоннаға жеткізу көзделген. Биылғы меже – 9 мың 123 тонна. Қазіргі таңда оның 3 мың 106 тоннасы өндірілген.