ЛЕҢГІРДЕГІ АУЫЗ СУ ҰҢҒЫМАСЫ ЖӨНДЕЛДІ
Леңгір қаласындағы «Достық-2» су ұңғымасы жаңартылды. Тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтуға бағытталған жұмыстар Мемлекет басшысының шалғай елді мекендердің инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымын дамыту жөніндегі тапсырмасы аясында жүзеге асуда. Жұмыстың барысын облыс әкімі Нұралхан Көшеров бақылап қайтты.
Өңір басшысы Төлеби ауданына жұмыс сапары кезінде «Достық-2» су ұңғымасының жай-күйімен танысты.
Мұнда тазарту және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген. Жобаның жалпы құны – 124 миллион 611 мың теңге. Оның 32 миллион 625 мың теңгесі аудан бюджетінен, 91 миллион 986 мың теңгесі облыстық бюджеттен бөлінген.
Бүгінде Леңгір қаласында 33 мың 848 тұрғын бар. Оның 8 мың 280-і ауыз су жүйесіне абонент ретінде тіркелген. Қала бойынша тәуліктік су тұтыну көлемі 8 мың 962 текше метрді құрайды. Ал су жүйесіне тәулігіне шамамен 12 мың текше метр су беріледі. Ұңғыманы жаңарту жұмыстары қаладағы ауыз су жүйесінің тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған.