ҮЗДІК ЖОБАЛАР ІРІКТЕЛДІ
Бизнес пен қайырымдылықты қатар ұстаған жандардың қадамы – қоғамға үлгі. Бүгін Шымкентте мемлекеттен 5 миллион теңгеге дейін қайтарымсыз грант алуға үміткер әлеуметтік кәсіпкерлердің байқауы өтті. Комиссия отырысында бақ сынаған бизнес өкілдері халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған тың идеяларын таныстырды.
Бұған дейін «kezekte.kz» платформасы арқылы өтінім берген үміткерлер бүгін арнайы комиссия алдында өз жобаларын қорғады. Олардың қатарында әлеуметтік кәсіпкерлер тізіміне енгендер мен «Бір ауыл – бір өнім» байқауының финалистері бар. Байқаудың талабы да, шарты да қатаң. Үміткерлер грант сомасының кемінде 20 пайызын өз тарапынан қаржыландыруға тиіс. Бөлінген қаражат қажетті құрал-жабдықтар алып, жаңа технологияларды өндіріске енгізуге жұмсалады. Ал үздік деп танылған әлеуметтік жоба иелері мемлекеттік қолдауға ие болады.