«ASIA MILK» ЖЫЛЫНА 1350 ТОННА СҮТ ӨНДІРЕДІ
Түркістан облысында сүт өндірісінің әлеуеті артып келеді. Төлеби ауданындағы «ASIA MILK» шаруа қожалығы жылына 1350 тонна сүт өндіруге қауқарлы. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров Зертас ауылдық округінде орналасқан заманауи ферманың жұмысымен танысты.
Құны 2,8 миллиард теңге болатын жобаның алғашқы кезеңі биыл қарашада іске қосылды. Қазір мұнда голштейн-фриз тұқымды 660 бас ірі қара бар. Өндіріс толық қуатына шыққанда, сиыр санын 1000 басқа жеткізу жоспарланған. Жоба аясында 40 жаңа жұмыс орны ашылды. Өңір басшысы шаруашылық өкілдерімен кездесуде отандық өндірісті дамыту, өнім сапасын арттыру және экспорт көлемін ұлғайтудың маңызын атап өтті. Сондай-ақ облыс экономикасына серпін беретін бастамаларға қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.