Негізгі Жаңалықтар МАҚТА АГРОӨНЕРКӘСІП КЕШЕНІ ҚАРҚЫНМЕН ДАМУДА

МАҚТА АГРОӨНЕРКӘСІП КЕШЕНІ ҚАРҚЫНМЕН ДАМУДА

Түркістан облысында мақта кластерін қалыптастыру жұмыстары қарқын алды. Өңірге жұмыс сапарымен барған Премьер-Министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин бірқатар өндіріс орындарын аралады. Сондай-ақ, жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалардың жай-күйімен танысып, жергілікті фермерлермен кездесті.

Мақтаны өсіруден бастап, дайын тоқыма өнімін шығаруға дейінгі барлық кезең бір өндірістік тізбекке біріктірілмек. Құны 146 миллиард теңге болатын «Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» жобасы осы бағыттағы ірі бастамалардың бірі. Қытайдың Xinjiang Lihua Cotton Co. Ltd компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан жоба аясында 11 кәсіпорын салу жоспарланған. Бұл – мақта өңдеу саласында жаңа өндірістер ашып, дайын өнім көлемін арттыруға мүмкіндік беретін кешен. Ал Шардарадағы өнеркәсіптік парк те жаңа өндіріс орындарымен толығуда. Қазір мұнда алты өндірістік ғимарат бой көтерген, тағы бесеуінің құрылысы жалғасып жатыр. Кәсіпорындарда жиһаз, модульдік үйлер, термопанельдер, терезе жақтаулары мен өзге де құрылыс материалдары шығарылады. Өндірістік аумақ газ, электр, су, кәріз жүйесі және кірме жолмен толық қамтамасыз етілген. Жаңа ғимараттардың салынуы паркке қосымша кәсіпорындарды тартуға және шағын бизнестің өндірістік әлеуетін кеңейтуге жол ашады.







Бөлісу