Негізгі Жаңалықтар «РОБЛОКС»:ВИРТУАЛДЫ ОЙЫННЫҢ ЖАСЫРЫН ҚАУПІ

«РОБЛОКС»:ВИРТУАЛДЫ ОЙЫННЫҢ ЖАСЫРЫН ҚАУПІ

Балалардың цифрлық кеңістікке тәуелділігі артқан сайын, қауіпсіздік жайы да өзекті бола түседі. Әсіресе, ата-аналар арасында роблокс ойынына қатысты күдік басым. Сырттай қарағанда, ойын-сауық пен шығармашылыққа арналған алаң. Алайда оның тасасында бала психикасына кері әсер ететін қауіп-қатер барын екінің-бірі біле бермейді. Мұндай мазмұн жасөспірімнің дүниетанымы мен мінез-құлқының қалыптасуына ықпал етпей қоймайды. Мамандар мәселені қатаң тыйыммен шектеу жеткіліксіз екенін алға тартады. Баланы цифрлық қатерден қорғаудың жолы бар ма? Аружан Самидин тарқатып айтады.


АРУЖАН САМИДИН, ТІЛШІ
Бүгінде балалар арасында кеңінен танымал видеоойынның бірі – Roblox. Бұл виртуальды әлемде ойыншылар өз қалауынша кейіпкер жасап, жеке әлемін құрады, қиялындағы үйді тұрғызады,тіпті,  ұпай жинап жарысады. Алайда, мұның санаға кері әсер ететін тұсы да жоқ емес. Ойын ішінде қатыгездік пен зорлық-зомбылық элементтерін қамтитын, ойға сыймайтын тапсырмалар да кездеседі.


Статистикалық мәліметтерге көз салсақ, жаһандық платформаның ауқымы расында да таңғалдырады. Виртуалды кеңістікке күн сайын 127 миллион белсенді қолданушы бас сұғады. Ал жеткіншектердің бір жыл ішінде ойын ішінде өткізген уақыты 124 миллиард сағатқа жеткен. Есептеп қарасақ, әлемде әр бала тәулігіне орта есеппен үш сағатын ойынға жұмсайды.

Көпшілік ата-ана баласын мұндай қауіпті ойындардан барынша алшақ ұстауға тырысатынын айтады. Әйтсе де, тыйымға құлақ аспай, тығылып ойнауды әдетке айналдырған жеткіншектер де бар көрінеді.

Қала тұрғыны Райхан Сатыбалдиеваның баласы 5 жаста. Бүлдіршін анасының телефоны арқылы ойын ішіндегі виртуалды элементтерді сатып алмақ болыпты. Абырой болғанда, қала тұрғыны дер кезінде аңғарып, қаржысынан қағылудан аман қалған.


РАЙХАН САТЫБАЛДИЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
Балам менің телефоным арқылы Roblox ойынын ойнап жүретін. Бірде ойын барысында түрлі виртуалды заттарды сатып алуға қызығушылық танытып, ақылы қызметтерді пайдалануға әрекет жасағанын байқадым. Телефоным банк картасына қосылғандықтан, шотымнан қаражат алынуы мүмкін еді. Осы оқиғадан кейін баламның қандай ойын ойнап, интернетте немен айналысатынына мән бере бастадым. Мұның соңы кейін өкінішке ұласуы мүмкін.  


Қаржылық шығын – мәселенің бергі жағы ғана. Ең сорақысы – виртуалды әлемнің қауіпсіздікке төндіретін қатері. Ойын ішіндегі кейбір жантүршігерлік сценарийлер буыны бекімеген жасөспірімнің санасын улайды. Шынайы өмір мен ойынның ара-жігін ажырата алмайтын жеткіншектер ақыры ашушаңдыққа тап болып, ортадан оқшаулана бастайды,-дейді мамандар.


АРАЙЛЫМ ҚУАТҚЫЗЫ, ПСИХОЛОГ
Виртуалды әлемде балаға достар көп.Араласады, орта табады. Онда ол өзін маңызды сезінуі мүмкін.Бірақ, ойынға тәуелділіктің соңы эмоцияның өзгеруіне алып келеді.


Түйткілдің ушығып бара жатқаны сонша, бұл тақырып мемлекеттік мінберде де көтерілді. Қоғам белсенділері қылмыстық ниеті бар қаскөйлердің осындай ашық платформаларды құрал ретінде пайдаланып отырғанын сынға алды. Әуелі сыйлық беру сылтауымен баурап алатын қылмыскерлер баланы құпия кездесуге шақырады. Халықаралық деректер де интернет арқылы кибербуллингке тап болған балалардың басым бөлігі тап осы ойын ортасынан зардап шегетінін растап отыр.


ҮНЗИЛА ШАПАҚ, ҚР КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ КЕҢЕСІНІҢ МҮШЕСІ
Roblox сияқты ашық онлайн-платформаларда кәмелетке толмаған балаларға қатысты қылмыстық ниеті бар тұлғалардың, соның ішінде педофилдер мен алаяқтардың белсенді әрекет ететіні туралы деректер бар. Олардың тактикалары қарапайым, алайда хирургиялық дәлдікпен жасалатындай. Алдымен ойындағы виртуалды чат арқылы баланың сеніміне кіріп, кейіннен Roblox-тан Телеграмға көшіп, құпия кездесуге шақырады және аяғы қайғылы оқиғамен аяқталуы мүмкін. Ал алаяқтар дәл осылай баланың сеніміне кіріп, оған сыйлық беруге уәде беріп, ата-анасының картасының номерін және СМС-кодты сұрайды. Бала сеніп айтқандарын орындайды, нәтижесінде картадан ақша шешіліп алынады.


Ал IT сарапшылар бұл мәселеге біржақты баға бермеу керектігін алға тартады.Олардың пайымынша, «Roblox» сынды интерактивті орта жасөспірімдердің логикалық ойлау қабілетін дамытып, бағдарламалаудың алғашқы әліппесін меңгертеді. Платформа ішіндегі шығармашылық мүмкіндіктер баланың цифрлық сауаттылығын арттырып, тіпті болашақ мамандығына бағыт беруі де мүмкін. Сондықтан мамандар қатаң түрде шектеу қоюдың орнына, техникалық бақылау тетіктерін толық іске қосуға шақырады.


УӘЛИХАН СЛАМБЕКОВ, IT МАМАНЫ
Мұнда әр адам жеке ойынды құра алады.Кішкентай балалар жас ерекшелігіне қарамай тіркеліп, қорқынышты ойындарды да ойнап жатады.Егер ата-ана, арнайы мамандардың бақылауында болса, бұл ойын қауіпті емес деп ойлаймын.

Цифрлық дәуірде баланы технологиядан оқшаулап тастау мүмкін емес. Бұл тұста кез-келген дүниені сүзгіден өткізіп, саралап барып қана қолдану артық етпейді. Осы айда Мәдениет және ақпарат министрлігі платформа әкімшілігінен балалар психикасына кері әсер ететін 39-дан астам қауіпті сілтемені жоюды ресми түрде талап етті. Ал экран артындағы жасырын қауіпті уақытында аңғару ата-ана жауапкершілігінде.

Бөлісу