«FOLK SHOW»:ҰЛТТЫҚ ӘУЕН ЖАҢА ФОРМАТТА ЖАҢҒЫРДЫ
Қазақтың төл өнері мен заманауи музыка бір сахнада үндестік тапты. Шымкентте алғаш рет «FOLK SHOW» атты бірегей концерттік кеш өтті. Көпшілікке тың форматта ұсынылған бұл жиында дәстүрлі күйлермен қатар, әлемдік хиттер жаңаша реңкте шырқалды. Толығырақ әріптесім баяндайды.
Сахна шымылдығы заманауи ырғақтағы аспаптық туындымен ашылып, қазақ ұлт-аспаптар оркестрі, вокалды-аспаптық ұжымдар мен би ансамбльдері көрерменді бірден ерекше музыкалық атмосфераға жетеледі. Үш бөлімнен тұрған ауқымды бағдарламада шетелдік хиттер, танымал кино саундтректері мен ұлттық жауһарлар да қамтылды. Кештің алғашқы бөлімінде өнерпаздар әлемдік классика мен рок-музыканың үздік үлгілерін, аңызға айналған шетелдік поп-жұлдыздардың әндерінен құралған попуррилерді ұлттық аспаптардың сүйемелдеуінде орындады.
ӘДІЛЕТ АЗБАЕВ, «FOLK SHOW» ЖОБАСЫНЫҢ АВТОРЫ
Біз үлкен жауапкершілікпен келдік.Алдын-ала жергілікті өнерпаздарды іріктеп, таңдап алдық.Көпшіліктің көңілінен шығатындай етіп үлкен шоу жасауға тырыстық.
Бағдарламаның екінші бөлімі кино әлеміне арналды. Концертке келген көпшілік әйгілі телехикаялардың саундтрегтерін тыңдады. Мұнан соң домбыра мен қобыздың қоңыр үні әлемдік әуендермен астасты.
ЖАМБЫЛ МЕЙІРБЕКОВ, ҚАЗАҚ ҰЛТ-АСПАПТАР ОРКЕСТРІНІҢ БАС ДИРИЖЕРІ
Бұл жоба Шымкентте алғаш рет қойылғалы жатыр.Маэстромен бірге жұмыс істедік, тәжірибе алмастық.Біздің оркестр жас та болса, осындай мамандармен бірге еңбек етіп, тәжірибе жинады.
Дәстүрлі өнер мен заманауи ырғақты шебер ұштастырған бұл жоба тыңдарманға ерекше эмоция сыйлады. Құндылығымызды дәріптеп, талғамды түйіндеген мұндай жобалар рухани құндылықты байыта түседі,-дейді ұйымдастырушылар.