ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ НЫСАННЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ БАҚЫЛАУДА
Елдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайту – стратегиялық міндеттердің бірі. Мемлекет басшысы Жолдауында 2029 жылға қарай ішкі қажеттілікті толық қамтамасыз етіп, электр энергиясын артығымен өндіру міндетін қойған. Осы бағыттағы ірі жобалардың бірі- Түркістан облысындағы бу-газ қондырғысы. Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев жұмыс сапары барысында Сайрам ауданындағы құрылыс барысымен танысты.
Қуаты 1113,4 мегаватт болатын «Түркістан» бу-газ қондырғысы оңтүстік өңірлердегі электр энергиясы тапшылығын азайтуға мүмкіндік береді. Нысан іске қосылғанда жаңа генерациялық қуат көзі қалыптасып, тұтынушыларды электр энергиясымен тұрақты қамтамасыз етуге жол ашылады. Нұрлыбек Нәлібаев құрылыс алаңында жауапты мамандармен кездесіп, жобаның маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ жұмысты белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.
НҰРЛЫБЕК НӘЛІБАЕВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ
Маңызды обьект білесіздер мемлекет басшысының тікелей назарында. Үкімет басшысының да қатаң бақылауында. Үкімет басшысы сіздерге қатаң тапсырған болатын. Онсызда сіздер мерзімінен кешіктірдіңіздер. Енді ары қарай бұл кешікпеу керек.
Құрылыс алаңында қазір 2 455 адам еңбек етеді. Оның 2 281-і күндізгі, 174-і түнгі ауысымда жұмыс істейді. Негізгі технологиялық жабдықтар – газ және бу турбиналары мен кәдеге жаратушы қазандықтар толық жеткізілген. Siemens компаниясының төрт газ турбиналық қондырғысы монтаждалып, іргетасына орнатылды. Құрылыс-монтаждау жұмыстарының 62 пайызы, электр желілерін тарту жұмыстарының 96 пайызы аяқталған.
ДӘУРЕН ОРДАБАЕВ, АВТОМАТТАНДЫРУ ЖЕТЕКШІ ИНЖЕНЕРІ
Біздің электрстанциямыз стандарттағы ТЕЦ тан айырмашылығы бізде біріктірілген цикл қолданылады. Бізге келген газ газ турбинасына түсіп валды айналдырып сол вал генераторды айналдырып элетр энергиясын береді.
Жұмыс сапары Түлкібас ауданындағы «Састөбе» инновациялық кешенінде жалғасты. Бұл – химия өнеркәсібін дамытуға және импортты алмастыратын өнім өндірісін жолға қоюға бағытталған ірі инвестициялық жоба. Кешен толық қуатына шыққанда жылына 400 мың тонна әк, 100 мың тонна каустикалық сода, 120 мың тонна поливинилхлорид, 200 мың тонна кальций карбиді және 1 миллион тонна цемент өндіру жоспарланған. Өткен жылы әк өндіру желісі іске қосылды. Қазір кәсіпорын өнімі отандық металлургия және құрылыс материалдарын өндіру салаларындағы компанияларға жеткізіліп жатыр.