ТІЛ ҚОҒАМЫНА ЖАҢА БАСШЫ
Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Шымкент қалалық филиалына жаңа төраға тағайындалды. Жауапты қызмет М.Әуезов университетінің ректоры Мұхтар Төлегенге жүктелді. Жаңа жетекшіге мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге бағытталған бірқатар міндет жүктелді.
1989 жылы қазақ тілінің тағдырына алаңдаған ұлт зиялылары Алматыда бас қосып, «Қазақ тілі» қоғамының негізін қалады. Бүгінде ұйым халықаралық мәртебеге ие. Бірнеше апта бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен қоғамның X құрылтайы өтті. Жиында ұйымның атқарған жұмысы қорытындыланып, алдағы міндеттері айқындалды. Ал Шымкентте өткен басқосуда қалалық филиалдың жаңа төрағасы сайланды. Қоғам президенті Рауан Кенжеханұлы оған бірқатар міндет жүктеді.
РАУАН КЕНЖЕХАНҰЛЫ, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ «ҚАЗАҚ ТІЛІ» ҚОҒАМЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ
– «Филология факультеті бар. Онда жұмыс істейтін тілші ғалымдар бар. Болашақ тілші мамандар бар. Бірлесіп осы бағытта ойланайық. Не істей аламыз, қалай дамыта аламыз?»
Қазақ тілінің қоғамдық өмірдегі қолданысы жыл санап артып келеді. Биыл бірінші сыныпқа қабылданған балалардың 71 пайызы қазақ тілінде білім алуды таңдаған. Кітап басу мен кино өндірісінде де ана тіліміздің үлесі басым. Былтыр жарық көрген алты мыңнан астам кітаптың 70 пайызы қазақ тілінде басылды. Ал биыл түсірілген 71 отандық фильмнің 63-і мемлекеттік тілде жарық көрген. Әлемдік кино туындылары да қазақша сөйлей бастады. Соңғы үш жылда Disney, Pixar және Sony студияларының 13 фильмі қазақ тіліне дубляждалды. Тіл үйренуге деген сұраныс та артып келеді. Ендігі міндет – оны меңгертудің тиімді әдістерін қалыптастыру. Президент жаңа әдістемелер мен цифрлық оқу құралдарын әзірлеуді тапсырған. Жаңа төраға осы бағыттағы жұмыстарды жүйелі жүргізуге ниетті.
МҰХТАР ТӨЛЕГЕН, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ «ҚАЗАҚ ТІЛІ» ҚОҒАМЫ ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ
– «Осы сенімдеріңізді ақтаймыз. Айтылған бірқатар тапсырманы тіркеп алдық, орындаймыз»
Жиында қоғамның бұған дейінгі төрағасы Ерсұлтан Әмірбектің еңбегі еленіп, алғыс хат табысталды. Сондай-ақ қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек М.Әуезов университетінің ұжымын ұлттық мәртебе алуымен құттықтады. Бұдан бөлек, Шымкентте Мәдениет және өнер ұлттық университетінің ашылғанын атап өтіп, бұл жаңалықтың қала үшін маңызына тоқталды.
СӘРСЕН ҚҰРАНБЕК, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ
– «Біздің қаламызда бүгінгі күнге дейін 9 ЖОО қызмет етіп келді. Міне, Мәдениет және өнер ұлттық университетін қосқанда 10-ға жетті» «Бұл біз үшін үлкен мәртебе, сонымен қатар үлкен жауапкершілік»
Қоғам президенті Рауан Кенжеханұлының айтуынша, алдағы кезеңдегі басты міндет - қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтіп, оны ғылым мен білімнің, жаңа технологиялардың тіліне айналдыру. Өйткені тілдің өміршеңдігі оның тарихи тамырымен ғана емес, заман талабына бейімделіп, жаңа мүмкіндіктерді игеруімен де өлшенеді. Бұл – мемлекетпен бірге бүкіл қоғамға жүктелген ортақ жауапкершілік.