Негізгі Жаңалықтар «CRYSTAL STUDY» ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЖАҢА КЕҢСЕСІ АШЫЛДЫ

«CRYSTAL STUDY» ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЖАҢА КЕҢСЕСІ АШЫЛДЫ

Оңтүстік жастары үшін шетелдің маңдайалды оқу орындарына түсу мүмкіндігі кеңейе түсті. Шымкентте «Crystal Study» халықаралық білім беру компаниясының жаңа кеңсесі ашылды. Сондай-ақ, әлемнің 19 елінен келген 160-тан астам оқу орнының басын қосқан ауқымды көрме ұйымдастырылды. Екі күндік мазмұнды бағдарлама аясында оқушылар шетелдік білім ордаларының өкілдерімен тікелей тілдесіп, гранттық жобалар жайлы ақпарат алды. Толығырақ тілшіміз баяндайды.


Халықаралық білім нарығында 2013 жылдан бері жұмыс істейтін «Crystal Study» компаниясы еліміздегі үшінші өкілдігін Шымкентте ашты. Жаңа орталықта жастарды жоғары оқу орындарына даярлаумен қатар, тілдік курстар мен IELTS емтиханын тапсыруға мүмкіндік бар. 13 жыл ішінде 974 шетелдік серіктеспен байланыс орнатқан компания бүгінге дейін 3,5 мыңнан астам қазақстандық студенттің әлемдік деңгейде білім алуына жол ашқан.


МҰХТАР ӘУЕЗОВ, «CRYSTAL STUDY» КОМПАНИЯСЫНЫҢ НЕГІЗІН ҚАЛАУШЫ
 Он үш жылда біз көптеген жастарымыздың шетелде білім алуына жол ашты.Он алты мыңнан астам адамды оқыттық. Қазір оқушыларымыз әлемнің топ елдерінде оқып жатыр.


 Жастардан бөлек, еліміздің түрлі саласында еңбек ететін жүзден астам маман да осы орталық арқылы шетелде біліктілігін арттырған. Жаңа кеңседе білім алушыларға кәсіби бағдар беріліп, озық елдердің оқу бағдарламалары таныстырылады. Мұнда жастар ағылшын, корей, қытай, түрік және неміс тілдерін меңгеріп, халықаралық емтихандарға дайындық жүргізеді. Орталық қаладағы бірқатар маңдайалды оқу орындарымен келісімшарт түзген.Олардың қатарында Алан халықаралық мектебі де бар.


 ЖАНАТ ТАЖИЕВА, «ALAN» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ МЕКТЕБІНІҢ ДИРЕКТОРЫ
Мектеп бітірушілер бүгінде тек елдегі жоғары оқу орнын таңдамайды, сондай-ақ, әлемдік деңгейдегі оқу орнында білім алу үшін осындай орталықтың маңызы зор деп ойлаймын.Бұл-балалардың болашағына берілген үлкен мүмкіндік.


 Кеңсенің салтанатты ашылуымен басталған іс-шара халықаралық көрмеге ұласты. Ауқымды алаңға Ұлыбритания, АҚШ, Германия, Италия, Оңтүстік Корея, Сингапур, Малайзия, Түркия мен Қытай сынды 19 мемлекеттің беделді оқу орындары жиналды. Көрмеге келгендер білім беру бағдарламалары бойынша жан-жақты кеңес алды. Әсіресе IT, инженерия, бизнес, қаржы және туризм салаларына қызығушылық танытқан жастардың қарасы қалың.


Бөлісу