Негізгі Жаңалықтар 600 ҮЙГЕ ДАБЫЛ ҚҰРЫЛҒЫСЫ ОРНАТЫЛДЫ

600 ҮЙГЕ ДАБЫЛ ҚҰРЫЛҒЫСЫ ОРНАТЫЛДЫ

Қысқы жылыту маусымы басталғалы бері Шымкентте өрт пен газдан уланудың алдын алу жұмыстары күшейтілді. Оқыс оқиғаға жол бермеу мақсатында ауқымды профилактикалық іс-шаралар жүйелі түрде ұйымдастырылып келеді. Төтеншеліктер прокуратура және «Газ техникалық қызметі» мекемесінің қызметкерлерімен бірлесіп, Тассай шағын ауданында кезекті түсіндірме жұмыстарын жүргізді.


 Аралау барысында жауапты сала өкілдері әрбір үйге бас сұғып, тұрғындарға жылыту пештері мен газ жабдықтарын дұрыс пайдалану ережелерін егжей-тегжейлі түсіндірді. Мамандар түтін мұржаларын уақытылы тазалау, газ қондырғыларын қараусыз қалдырмау сынды қарапайым талаптарды қатаң сақтауға шақырды. Сондай-ақ, тұрғындарға арнайы жаднамалар таратылды.


СЕРГЕЙ ОГАЙ,  ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ДЕПАРТАМЕНТІ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Бүгінгі таңда жылыту маусымының басталуына байланысты біз профилактикалық іс-шараларды күшейттік.Яғни көпқабатты тұрғын үйде тұратын тұрғындарға түсіндіру жұмысын жүргізіп жүрміз.Бұл арқылы қауіптің алдын-аламыз.


Мамандардың айтуынша, қыс мезгілінде орын алатын қайғылы оқиғалардың басым бөлігі қауіпсіздік ережелеріне немқұрайлы қараудан туындайды. Ал төтенше жайттың алдын алуда үй ішіне газосигнализатор құрылғысын орнатудың маңызы айрықша. Себебі бұл арнайы дабылқаққыш ауадағы улы газдың мөлшері артқан сәтте бірден белгі беріп, адам өмірін аман алып қалады.


 ҚАНАТ БЕРДЕНОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ПРОКУРАТУРАСЫНЫҢ ПРОКУРОРЫ
Бұл құрылғыларды әлеуметтік осал топтағы отбасыларға орнатамыз.Бұлар үйде газ қаупі туындағанда, бірден дабыл береді.Солай өз денсаулығын сақтауға мүмкіндік алады.


Ауқымды рейд аясында тұрғын үйлерге 600 газосигнализатор құрылғысы орнатылды. Құтқарушылар мен құқық қорғау органдарының өкілдері мұндай профилактикалық жұмыстар қаланың өзге де аудандарында жалғасатынын айтты.

Бөлісу