ВИРТУАЛДЫ ӘЛЕМДЕГІ ӨНЕР КӨРМЕСІ
Париждегі Лувр музейіне саяхаттап, әйгілі «Мона Лизаға» қол созым жерден қарау енді Шымкент тұрғындары үшін де қолжетімді. Мегаполисте озық технология мен өнер жауһарын бір арнаға тоғыстырған «Цифрлы күз» атты халықаралық VR-фестивалі өтті. Келушілер көзілдірік киіп, виртуалды кеңістікке еніп, ерекше туындылармен танысты.
Францияның Қазақстандағы Елшілігі, Француз институты мен Альянсының мұрындық болуымен ұйымдастырылған бірегей жоба Шымкентте осымен екінші рет өтіп отыр. Салтанатты ашылу рәсіміне өнерсүйер қауыммен қатар Францияның Бас консулы арнайы келді. Мәртебелі меймандар цифрлық дәуірдегі мәдениеттің жаңа тынысына тоқталып, бұл фестиваль екі ел арасындағы рухани көпірді одан әрі бекемдей түсетінін атап өтті.
МАКСИМ ЖЕРЕНЖЕ, ФРАНЦИЯНЫҢ АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНДАҒЫ БАС КОНСУЛЫ
Бұл көрменің басты мақсаты–француз өнерін заманауи технологиялар арқылы көрсетіп, Шымкент жұртшылығына таныстыру.Мәселен, бұл жерде көзілдірік арқылы Францияда орналасқан танымал шіркеудің ішін де көре алады.Бұл екі ел арасындағы байланысты нығайтады деп ойлаймын.
Көрме залына бас сұққан әрбір адам арнайы көзілдіріктерді киіп, қас-қағым сәтте виртуалды кеңістікке еніп кетеді. Мұнда Францияның цифрлық өнер саласындағы ең озық интерактивті туындылары қойылған. Келушілер өнер туындысының ішінде жүрген кейіпкерге айналып, иммерсивті жобалардың тылсым атмосферасын сезінді.
АМЕНИС ЖЕРЕН, ФРАНЦИЯ ЕЛШІЛІГІНІҢ МӘДЕНИЕТ ЖӨНІНДЕГІ АТТАШЕСІ
Бұл келушілер үшін өте қызықты алаң.Себебі, мұнда келген адамдар түрлі өнер туындыларымен танысады.Ерекшелігі – олар көзілдірік арқылы виртуалды кеңістікке еніп, суреттерді жақыннан көре алады.Бағдарламада иммерсивті туындылар да бар.
Инновация мен шығармашылық үндескен ерекше көрме 2 желтоқсанға дейін жалғасады. Ұйымдастырушылар барша қала халқын виртуалды әлемге саяхат жасауға шақырады.