Негізгі Жаңалықтар ҚАТЕРЛІ ІСІКТІ ЕРТЕ АНЫҚТАУ МАҢЫЗДЫ

ҚАТЕРЛІ ІСІКТІ ЕРТЕ АНЫҚТАУ МАҢЫЗДЫ

Қатерлі ісік уақытында анықталса, емдеу мүмкіндігі де артады. Алайда аурудың кейбір түрі бастапқы кезеңде белгі бермей, жасырын дамиды. Сондықтан скринингтен уақытылы өту – денсаулықты сақтаудың маңызды жолы. Шымкенттегі Облыстық клиникалық ауруханада өткен баспасөз мәслихатында мамандар ұйқы безі, тері және сүт безі қатерлі ісігінің қауіп факторлары мен алдын алу шараларын түсіндірді. Тақырыпты тілшіміз тарқатады.


Қатерлі ісіктің алғашқы белгілерін байқамай қалу оңай. Ал уақыт жоғалту аурудың асқынуына әкелуі мүмкін. Сондықтан дәрігерлер профилактикалық тексерулерді кейінге қалдырмауға шақырады. Облыстық клиникалық ауруханада өткен баспасөз мәслихатында онкологиялық ауруларды ерте анықтау және скринингтік бағдарламалардың қолжетімділігі сөз болды.


ЛӘЗЗАТ ӘДІЛБЕКҚЫЗЫ, ОНКОЛОГИЯЛЫҚ КӨМЕК-ҚҰЗЫРЕТ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Бүгін бізде пресс-конференция өтіп жатыр. Өте маңызды тақырыптар жөнінде. Онкологиялық аурулардың алдын-алу мақсатында 3 тақырып қазір оқылып жатыр. Біз халқымызды уақытылы скрининг өтуге шақырамыз. Ол скринингтің бағдарламасы бойынша ол барлығы тегін есептелінеді.


 Бұл жолы мамандар үш бағытқа басымдық берді. Олар – сүт безі, тері және ұйқы безі обыры. Әрқайсысының даму ерекшелігі мен қауіп факторлары бөлек. Әсіресе кейбір қатерлі ісік түрлері бастапқы кезеңде еш белгісіз өтуі мүмкін. Сондықтан ағзадағы күмәнді өзгерістерге бейжай қарамай, дәрігерге қаралған жөн.


 ЛӘЗЗАТ ӘДІЛБЕКҚЫЗЫ, ОНКОЛОГИЯЛЫҚ КӨМЕК-ҚҰЗЫРЕТ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ
 Бүгінгі өтіп жатқан іс-шарамыз ол сүт безі обырына қарсы, тері обырына қарсы және ұйқы безі обырына қарсы. Неге бұл іс-шараны өткізіп жатырмыз. Себебі, онкологиялық аурулар бір жерде тұрмайды. Ол қарқынды дамиды. Симптомдары көзге көрінбей өтуі мүмкін.


Қатерлі ісіктің алдын алуда уақыттың маңызы зор. Скринингтік тексерулер ауруды ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді. Оның үстіне, ұлттық бағдарлама аясындағы бірқатар скрининг түрі тегін жүргізіледі. Сондықтан тексерілуді кейінге қалдырмаңыз. Денсаулыққа салғырт қарамау – өз өміріңізге жауапкершілікпен қарау.

Бөлісу