БАҚЫТ ШАДАЕВАНЫҢ САХНАДАҒЫ 40 ЖЫЛЫ
Бір сахна, мыңдаған көрермен, ондаған хит ән! Қазақ эстрадасының белгілі өкілі Бақыт Шадаева биыл өнердегі 40 жылдық белесін бағындырды. Мерейтойға орай «Түркістан» сарайында әншінің шығармашылық кеші өтті. Кеш төрінде көпшілік сүйіп тыңдайтын әндер шырқалып, өнер иесіне құрмет көрсетілді. Мерекелік концерттен тілшіміз Сұлухан Абдулла баяндайды.
СҰЛУХАН АБДУЛЛА, ТІЛШІ
«Түркістан» сарайының төрінде бүгін қазақ эстрадасының белгілі өкілі Бақыт Шадаеваның өнердегі 40 жылдық белесі аталып өтуде. Қырық жыл бойы сахнадан түспеген әнші мерейтойлық кешін «Сені іздеп табамын!» деп атаған. Ендеше, кештің көркін бірге тамашалайық!
Қырық жылдық шығармашылық жол! Бұл - талай әннің дүниеге келіп, талай тыңдарманның жүрегіне жол тапқан кезеңі. Бақыт Шадаева биылғы мерейтойын ел Тәуелсіздігінің 35 жылдығымен сабақтастырып отыр. Қазір әнші осы ерекше бағдарламамен Қазақстанның қалаларын аралап, көрерменімен қауышуда.
БАҚЫТ ШАДАЕВА, ӘНШІ
Қазақ еліміздің жаңағы тәуелсіздігіне арналған 35 жыл болып жатыр екен. Сондықтан сол орайда осы концертімді соған арнап жатырмын. Ары қарай жалғастырып өзімнің 40 жылдық сахнада жүрген 40 жылдық шығармашылығымды осылай гастрольдік сапарменен қазір жүрмін. Мен Орал қаласына және Ақтөбе қаласына концерт бердім. Енді келесі мінекей бүгін Шымкент қаласында. Енді үмітім әрине көп, көрермендерім келіп қолдағаны үлкен мәртебе.
Гастрольдік сапардың географиясы кеңейіп келеді. Орал мен Ақтөбеден басталған концерттік тур енді Ақтау, Атырау, Өскемен, Семей және Қарағанды қалаларында жалғасады. Ал сапардың ең ауқымды нүктесі – Алматыда өтетін үлкен шығармашылық кеш.
БАҒДАГҮЛ РАХМЕТҚЫЗЫ, АҚПАРАТ САЛАСЫНЫҢ ҮЗДІГІ
Бақыт Шадаева осы сахнада 40 жыл концерт беруіне орай барлық облыстарды аралап жүр. Біз енді жүргізуші ретінде қасында қолдау жасап жүрміз. Алдағы уақытта Ақтау қаласында, Атырау қаласында, Өскеменде, Семейде, Қарағанды қаласында өткізу жоспарда бар және де үлкен шығармашылық кеші Алматының төрінде болмақ.
Әншінің Шымкенттегі кешіне келгендердің арасында оның өнерін жылдар бойы бағалап келе жатқан жанкүйерлер де бар. Олар үшін бұл – сүйікті әншісімен жүздесіп қана қоймай, таныс әуендерді қайта тыңдауға мүмкіндік. Салих Қалиев Бақыт Шадаеваның орындаушылық шеберлігіне тәнті.
САЛИХ ҚАЛИЕВ, ТЫҢДАРМАН
Енді бұл кісіні айтар болсам өте профессионалды тұлға.Вокалды жақсы жеткізіп әрі таза айтады.Қазір профессионалдар өте азғой сахнада бірақ,сол кісіге қарап осындай кісілер көп болса екен және де солай барлық адам вокалды дұрыс жеткізсе екен деймін.
Уақыт өтеді, талғам өзгереді. Бірақ жүрекке жеткен ән ұмытылмайды. Бақыт Шадаеваның сахнадағы 40 жылы – осының дәлелі. Шымкенттік көрермен де кеш соңында әншіге ыстық ықыласын білдіріп, көтеріңкі көңіл күймен тарқасты. Ал мерейтойлық гастрольдік сапар әлі жалғасады.