Негізгі Жаңалықтар ПРЕЗИДЕНТ АРХИВІ МЕН ОРТАЛЫҒЫ БІРІКТІРІЛЕДІ

ПРЕЗИДЕНТ АРХИВІ МЕН ОРТАЛЫҒЫ БІРІКТІРІЛЕДІ

Қазақстанда Президент архиві қайта ұйымдастырылады. Оған Президент орталығы қосылады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тиісті жарлыққа қол қойды. Құжатқа сәйкес, жаңартылған мекеменің штат саны 293 бірлік болып белгіленді.


Жарлыққа сәйкес, «Қазақстан Республикасы Президентінің архиві» республикалық мемлекеттік мекемесіне «Қазақстан Республикасының Президент орталығы» қосылады. Сонымен қатар Президент архиві туралы ереженің жаңа редакциясы бекітілді. Қайта ұйымдастырылған мекеме Ұлттық архив қорының құжаттарын, кітапхана басылымдары мен музей заттарын сақтау, есепке алу, жүйелеу және пайдаланумен айналысады. Сондай-ақ архив қорын Президенттің, Президент Әкімшілігінің, мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдардың қызметіне қатысты құжаттармен толықтырады. Ғылыми-зерттеу және мәдени-ағартушылық жұмыстар да негізгі бағыттардың қатарында. Бұдан бөлек, мекеме қазіргі Мемлекет басшысының жеке архиві, кітапханасы мен музей жинағын, сондай-ақ заңда белгіленген тәртіппен экс-президенттердің архивтері, кітапханалары мен музей жинақтарын сақтап, зерттеуді қамтамасыз етеді.

Бөлісу