ЕРЕКШЕ ЖАНДАРҒА АРНАЛҒАН ИНКЛЮЗИВТІ ДОМБЫРА
Домбыра тарту енді көру немесе есту қабілетіне тәуелді емес. Шымкенттік жоғары сынып оқушылары ерекше жандарға ұлттық аспапты өздігінен меңгеруге мүмкіндік беретін инклюзивті домбыра құрастырды. Жаңа құрылғыда Брайль қарпі, діріл күшейткіш және жасанды интеллект жүйесі біріктірілген.
ҚАНАТ ЖОЛДАСБЕК,ТІЛШІ
Менің қолымдағы мына домбыраны көру және есту қабілеті шектеулі жандар да еркін меңгере алады. Сенбейсіз бе? Ендеше, оны Айбынға ұсынып, бір сынап көрейік.
Айбын алты жасынан домбыра тартады. Тумысынан зағип болғандықтан, ұлттық аспапты меңгеру оған оңайға соқпаған. Әсіресе, пернелердің орнын есте сақтау қиын болған. Ал жаңа домбырадағы Брайль қарпі бұл мәселені шешуге көмектеседі. Арнайы бедерлі белгілерді саусақпен сипап, зағип жандар қажетті пернені оңай таба алады.
АЙБЫН ЖҰМАБЕКОВ, ОҚУШЫ
– «Мен домбыраны үйренген кезде мұндай домбыра болған жоқ. Үйрену қиын болды. Ал енді менің тағдырластарым мына домбырамен оңай үйрене алады. Себебі, мына жердегі Брайль пернелер арқылы қай жерде қандай перне басу керегі түсінікті».
Ал есту қабілеті шектеулі жандар үшін домбыраға арнайы діріл күшейткіш орнатылған. Ол аспаптың тербелісін күшейтіп, әуен ырғағын денемен сезінуге мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, жарықдиодты белгілер орындаушыға пернелердің ретін көрсетеді. Жүйе жасанды интеллектпен біріктірілген. Бағдарламадан қажетті күйді таңдасаңыз, құрылғы қағыс пен перне басу тәртібін өзі нұсқайды.
ЗАРИНА БЕКТУЛЛА, ЖОБА АВТОРЫ
– «Міне, мынау арнайы вибро күшейткіш. Бұл аспаптың өзінен шығатын дірілді күшейту арқылы домбыраның ырғағын сезінуге мүмкіндік береді. Яғни олар осы арқылы дірілді тәнімен, денесімен сезініп отырады». «Мысалы, сіз «Адай» күйін үйренгіңіз келсе, бағдарламадан сол күйді таңдайсыз. Ол арнайы контроллерге сигнал беріп, қандай пернені басу керегін меңзеп тұрады».
Жобаны 11-сынып оқушылары әзірлеген. Әзірге бұл - алғашқы тәжірибелік үлгі. Мектеп әкімшілігі қажетті материалдарды сатып алуға қолдау көрсеткен. Ендігі міндет -құрылғыны жетілдіріп, артық сымдары мен тетіктерін ықшамдау. Ал оны өндіріске шығару үшін демеушілік көмек қажет.
ІНЖУ ШАЯХМЕТ, ЖОБА АВТОРЫ
– «Біз сияқты 12 мүшесі сау азаматтарға домбырада ойнауға мүмкіндік мол. Ал есту, көру қабілеті шектеулі жандарға ондай мүмкіндік мүлдем жоқ». – 01:56. 02:22 – «Олардың ойнағысы, үйренгісі келмейді емес, келеді. Бірақ оларда ондай мүмкіндік жоқ. Біз сол мүмкіндікті қалыптастыруды мақсат еттік».
Жас өнертапқыштар қазір домбыраны ерекше жандарға ұсынып, сынақтан өткізіп жүр. Әр сынақтан соң құрылғының кем-кетігін түзеп, қолданысқа барынша ыңғайлы етуді көздейді. Бастысы – домбыраның қос ішегінен төгілген күйді сезінуге ешкімнің мүмкіндігі шектелмесе дейді.