Негізгі Жаңалықтар «ШАБЫТ ШАЛҚЫҒАНДА»

«ШАБЫТ ШАЛҚЫҒАНДА»

Жыр додасындағы 25 жыл, мыңдаған шумақ, талай тартысты айтыс. Шымкентте белгілі айтыскер ақын Нұрлан Есенқұлдың шығармашылық кеші өтті. Өнердегі ширек ғасырлық белесін түйіндеген кеште ақынның «Шабыт шалқығанда» атты кітабының тұсауы кесілді. Мерейтойлық шараға еліміздің әр өңірінен сөз өнерінің майталмандары жиналып, әріптестеріне құрмет көрсетті.


Он бес жасында үлкен сахнаға шыққан Нұрлан Есенқұл содан бері айтыс өнерінің алдыңғы шебінде келеді. Суырыпсалмалық қабілетімен талайды тәнті еткен ақынның өнері айтыспен ғана шектелмейді. Ол сазгерлік пен әншілікті де қатар алып, ұлттық өнердің бірнеше бағытын тоғыстырып жүр. Мұны кешке жиналған өнер қайраткерлері де ерекше атап өтті.


 СЕРІК ҚАЛИЕВ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕҢБЕК ҚАЙРАТКЕРІ
Нұрлан бауырымыз – тек ақын ғана емес, талғампаз әнші, термеші, нақыл сөздерді тереңінен толғайтын өнер иесі. Әрбір айтысына үлкен дайындықпен келіп, әр сөзіне мән береді. Халықтың сөзін сөйлеп, елдің мұңын жырлайды. Сондықтан ақындар арасында да үлкен құрметке ие.


Шығармашылық кештің тағы бір тағылымды тартуы – жаңа кітап. Әл-Фараби атындағы ғылыми-әмбебап кітапханада «Шабыт шалқығанда» жинағының тұсауы кесілді. Кітапқа ақынның 25 жылдық өнер жолындағы республикалық айтыстарынан үзінділер мен таңдаулы сөз қағысулары енген. Әсіресе қыз бен жігіт айтысындағы қолтаңбасы айрықша көрінеді. Жинақтағы 28 айтыстың 14-і ақынның қыз-келіншектермен болған сөз сайыстарына арналған.


 БІРЖАН БАЙТУОВ, «ҚАРАТАУ» ДӘСТҮРЛІ ӨНЕР МЕКТЕБІНІҢ ДИРЕКТОРЫ
Қыз бен жігіт айтысы деген ерекше жанр бар ғой. Нұрланның орны бөлек. Бұл бағытта өзіндік шеберлігін танытып, ешкімге ұқсамайтын дара қолтаңбасын қалыптастырды. Сонымен қатар ақындығы бір төбе, сазгерлігі бір төбе. Әндерінің авторы, әуезді дауысымен көпшіліктің көңілінен шығып жүрген әнші. Осындай сегіз қырлы, бір сырлы өнер иесінің бүгінгі кеші – ширек ғасырлық шығармашылық жолына жасаған есебі іспетті.


Ширек ғасырлық шығармашылық жол – толассыз ізденіс пен табанды еңбектің жемісі. Нұрлан Есенқұлдың кеші де жай ғана мерейтой емес, айтыс өнеріндегі өзіндік өрнегін танытқан тағылымды басқосу болды. Өнерпаздар жырдан шашу шашып, көрерменге рухани қуаныш сыйлады. Ал ақынның жаңа жинағы – жылдар бойы жинақталған жыр мұрасының кейінгі буынға қалдырған аманаты.

Бөлісу