ПОЛИЦЕЙЛЕР ЖАТАҚХАНАЛАРДЫ ТЕКСЕРДІ
Студенттер тұратын жатақханалардағы қауіпсіздік талаптары қаншалықты сақталған? Түркістан облысының полицейлері үш жоғары оқу орнының студенттер үйін аралап, жағдаймен танысты. Тұрғындардың қауіпсіздігі, ғимараттағы тәртіп пен бақылау жүйесі назарға алынды.
Тексеруді облыстық полиция департаментінің қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Ермек Өсербаев жүргізді. Ол студенттер үйіндегі тұру жағдайын көріп, қауіпсіздік талаптарының орындалуын тексерді. Білім алушылармен де жүздесіп, «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Ал жатақхана басшылығы, коменданттар мен күзет қызметкерлеріне қойылған талаптар нақты айтылды. Әсіресе, ғимаратқа кіру-шығу тәртібін қатаңдату, бөгде адамдарды бақылау және кезекшілікті күшейту мәселелеріне басымдық берілді. Кездесу соңында жауапты тұлғаларға қауіпсіздік шараларын күшейту жөнінде тапсырмалар жүктелді. Полиция өкілдері студенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы профилактикалық жұмыстар жалғасатынын жеткізді.