Негізгі Жаңалықтар «ӘКЕ ҮМІТІ» АҚТАЛҒАН КЕШ

«ӘКЕ ҮМІТІ» АҚТАЛҒАН КЕШ

«ӘКЕ ҮМІТІ» АҚТАЛҒАН КЕШ

Қырықтың қырқасына шыққан шағында өнердегі есебін ел алдында берді. Шымкенттегі «Қызғалдақ» сарайында айтыскер ақын, сазгер Нұрлан Есенқұловтың «Әке үміті» атты шығармашылық кеші өтті. Ән мен жыр, айтыс пен әзіл тоғысқан тағылымды кеш Қазақстан тәуелсіздігінің 35 жылдығымен де тұспа-тұс келді. Сахнада ақынның өнердегі жолы сараланып, жүректен шыққан туындылары көрерменге жол тартты.


Нұрлан Есенқұлов үшін бұл – кезекті мерейтойлық басқосу емес, көптен күткен алғашқы шығармашылық есеп. Айтыста суырыпсалма шеберлігімен танылған ақын сазгерлік қырынан да кеңінен таныла білді. Республикалық, халықаралық додаларда топ жарып, жырларына елдік мұратты, әндеріне туған жер мен ата-анаға деген құрметті арқау етті. Ал бүгінгі кеште осы өнер жолының бастауында тұрған жанға – әкесіне деген перзенттік алғысын жеткізді.


 НҰРЛАН ЕСЕНҚҰЛОВ, АЙТЫСКЕР АҚЫН, МӘДЕНИЕТ САЛАСЫНЫҢ ҮЗДІГІ
Алғашқы шығармашылық кешім болған соң қатты толқып бастадым.  Дегенмен елдің құрметі мен қошеметін көрген кезде бір бақыттан басым айналып аспанда қалқып самғап жүргендей болдым. Неше айтыстың сахнасына шықсам да бұлай қобалжу болмаған еді. Дегенмен бұл ән мен жырдың тоғысқан кеші болғандықтан сондай бір қобалжу болды. Енді «Әке үміті» деп қойған себебім менің осы шыңдарға шығуыма осы күнге жетуіме әкемнің еңбегі көп. Сондықтан «Әке үміті» деп қойдым.


Кештің қадірін арттырған тағы бір сәт – өнер иесіне көрсетілген әріптестер құрметі. Арнайы Астанадан келген Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Аманжол Әлтай ақынның иығына шапан жауып, ақ батасын берді. Сөз арасында айтыс өнерінің ұлт руханиятындағы орнына тоқталып, Нұрлан Есенқұловтың алдағы шығармашылық белестеріне сәттілік тіледі.


АМАНЖОЛ ӘЛТАЙ, «АЙТЫС АҚЫНДАРЫ МЕН ЖЫРШЫ-ТЕРМЕШІЛЕРДІҢ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ОДАҒЫ» ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІГІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ
Нұрлан бауырым қамал бұзар 40 деген жас құтты болсын. Алдыңда үлкен еңселібелстер бар. Сол белестерде атың сүрінбесін, маңдайың дарқырап еңсең биік болсын.  Өнердің аманатын арқалау оңай емес. Осы жолда сенің ұлттың аманатын абыроймен арқалайтыныңа сеніміміз мол.


 Сахна төрінде ақынның өнердегі үзеңгілестері мен әнші достары да бас қосты. Әрқайсысы жүрекжарды лебізін білдіріп қана қоймай, әннен шашу шашты. Әсіресе, Нұрлан Есенқұловтың әндеріне берілген баға оның сазгерлік қырының да тыңдарман жүрегінен орын алғанын аңғартты.


НАРКЕНЖЕ СЕРІКБАЕВА, ӘНШІ
 Біздің Нұрлан Есенқұловтың керемет әндерінен бөлек сөздері халыққа өтімді. Қазір мына заманға өздеріңіз білесіздер арзан сөздер мен арзан әндер көп. Бірақ, бұл Н.Есенқұловтың сөздері мықты. Мысалы «қарғада шықты қызым деп»- деген әннің да сөзін Нұрлан жазған. Қазір «Келін бол» деген әнін айтамын. Нұрланды өзім құрметтеймін. Ақындығынан бөлек әншілігін, термешілігін. Біздің ойлаймын нағыз қазаққа керек ақын, керек әнші, керек термеші.


Ал айтыс десе делебесі қозатын көрермен үшін кештің ең қызықты сәттерінің бірі сахнадағы сөз сайысы болды. Айтыскер ақындар Жұлдыз Қожабекова, Мөлдір Айтбаева мен Алтынгүл Қасымбекова мерейтой иесімен әзіл-қалжыңы жарасқан қағытпа айтысқа түсіп, көрерменнің көңілін көтерді.


Әнмен өріліп, жырмен көмкерілген кештің айтары біреу – әке сенімі мен перзент аманатына адалдық. Нұрлан Есенқұловтың қырық жылдық белесі өнердегі жетістіктерді түгендеп қана қоймай, оның шығармашылық болмысының сан қырын танытты. Ал «Әке үміті» ақталған бұл кеш ақынның алдағы асуларына берілген ақ батамен түйінделді.


Бөлісу