ЖЫЛ БАСЫНАН БЕРІ 380 АТЫС ҚАРУЫ ТӘРКІЛЕНГЕН
Жыл басынан бері елімізде ауыр және аса ауыр қылмыс жасауға қатысы бар 40-тан астам топтың жолы кесілді. Заңсыз айналымнан 380-ге жуық атыс және травматикалық қару, 5 мыңнан астам оқ-дәрі тәркіленді. Бұдан бөлек, ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес аясында 50 қылмыстық іс қозғалып, азаматтарды бопсалауға қатысты жүздеген дерек анықталған.
Қылмыстық топтардың әрекеті тек күш қолданумен шектелмейді. Кәсіпкерлер мен білім беру ұйымдарына қысым көрсету, азаматтардан ақша бопсалау фактілері де тіркелген. Полиция жыл басынан бері осындай 440-тан астам деректі анықтады. Сонымен қатар криминалдық ортаға қатысы бар 240-тан астам адам түрлі қылмысы үшін жауапқа тартылған. Құқық қорғау органдары қылмыстық жолмен алынған мүлікті заңдастыруға қарсы да шаралар қабылдауда. Ал жәбірленушілерге әлеуметтік, құқықтық және психологиялық көмек көрсетіліп келеді.
ҚУАНДЫҚ АЛПЫС, ІІМ ҰЙЫМДАСҚАН ҚЫЛМЫСҚА ҚАРСЫ КҮРЕС ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ӨКІЛІ
– «ІІМ ең алдымен қылмыстардың алдын алуға, азаматтардың қауіпсіздігіне төнетін қатерлерді уақтылы жоюға және жазаның бұлтартпастығын қамтамасыз етуге бағытталған жүйелі жұмысты жалғастырады. Қоғам өмірінің барлық саласында "Заң мен Тәртіп" қағидатын қамтамасыз ету полиция қызметінің сөзсіз басымдығы болып қала береді.»