ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ҚОЛДАНЫСЫ КЕҢЕЙДІ
Көшедегі кептелісті азайтады, мектеп қауіпсіздігін күшейтеді, тіпті жылу желілеріндегі ақауды да анықтайды. Әңгіме жасанды интеллект мүмкіндіктері туралы. Шымкентте ақылды технологиялар қаланың тыныс-тіршілігіне белсенді енгізіліп жатыр. Қазір 360 көше қиылысы интеллектуалды жүйемен басқарылады, 147 мектеп бейнебақылау камераларымен жабдықталған. Медицина мен коммуналдық шаруашылықта да жаңа технологияның көмегіне жүгінуде. Биылғы 11 айда қандай нәтижеге қол жеткізілді?
СҰЛУХАН АБДУЛЛА, ТІЛШІ
Цифрлық өзгеріс білім беру ұйымдарынан да айқын байқалады. Қаладағы 147 мектепке 10 мыңнан астам бейнебақылау камерасы орнатылды. Тағы 161 білім беру ұйымы жоғары жылдамдықты интернетке қосылды. Ал жаңа технологияларды меңгеру үшін 2 мыңнан астам мемлекеттік және бюджеттік қызметші жасанды интеллект негіздері бойынша арнайы оқытудан өтті.
МҰХИТ КЕМЕЛОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ЦИФРЛАНДЫРУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Одан бөлек білесіздер әртүрлі оқыту бағдарламалары болуда. Оның ішінде біз мемлекеттік қызметшілерді де ұмытпаймыз. Бізде жалпы 2 мыңнан астам осы бюджеттік және мемлекеттік қызметшілер. Осы жасанды интеллект негіздері бойынша оқыту курстарын өткен болатынбыз.
Ақылды жүйелер қала көшелеріндегі қозғалысты да реттеп отыр. Қазір 360 көше қиылысында интеллектуалды көлік жүйесі іске қосылған. Соның нәтижесінде кептеліс деңгейі 28 пайызға төмендеді. Жасанды интеллект медицинада да тиімділігін көрсетіп келеді. Инсультті ерте анықтауға мүмкіндік беретін технологиялар енгізілсе, коммуналдық салада жылу желілеріндегі ақауларды анықтау жұмыстары автоматтандырылуда.
МҰХИТ КЕМЕЛОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ЦИФРЛАНДЫРУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Жалпы енді цифрландыру біздің негізгі мақсаттарымыздың бірі ол цифрлық трансформация. Осы бағытта тоқталып өтсем, 2026 жылы біз білім беру, көлік, денсаулық сақтау, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық және мынау табиғатты қорғау дейді ғой сол салаларды және мемлекеттік аппартты цифрландыру бойынша жұмыстар атқарғанбыз бірқатар. Білім беру жобасын айтып кететін болсақ, бұл айти және хабтың жобалары.
Цифрлық қызметтердің сапасы интернет жылдамдығына тікелей байланысты. Сондықтан байланыс инфрақұрылымын жаңарту да назардан тыс қалған жоқ. Биыл 382 жаңа базалық станция орнатылып, 398-і жаңғыртылды. Қазір қалада 1 827 станция жұмыс істейді. Нәтижесінде 4G желісінің қамту деңгейі 98 пайызға жетті. Бұған қоса, байланыс сапасы төмен аумақтар саны 147-ден 6-ға дейін азайды.