Негізгі Жаңалықтар «ҒАШЫҚСЫЗ ҒАСЫР» – САХНАДАҒЫ ШЫНДЫҚ

«ҒАШЫҚСЫЗ ҒАСЫР» – САХНАДАҒЫ ШЫНДЫҚ

Махаббат пен мансап. Адалдық пен өкініш. Адамның өмірлік таңдауы мен оның салдары. Түркістанда белгілі драматург Сұлтанәлі Балғабаевтың «Ғашықсыз ғасыр» спектаклінің премьерасы өтті. Түркістан халық театрының жаңа қойылымы көрерменді адам жанының тереңіне үңілдіріп, отбасы құндылықтары мен шынайы сезімнің қадірін қайта бағамдауға жетелейді. Алғашқы көрсетілімге жиналған қауым театрдың тыныс-тіршілігі мен шығармашылық жетістіктерінен де хабардар болды.


 Түркістан халық театры үшін бұл - сахнадағы кезекті шығарма ғана емес, көрерменге ой салатын жаңа туынды. Сұлтанәлі Балғабаевтың пьесасы бұған дейін еліміздің бірқатар театрларында қойылып, көпшіліктің ықыласына бөленген. Енді шығарма жергілікті өнерпаздардың орындауында жаңа тыныс алды.


ҚАДЫРБОЛАТ МҰСАҒАЛИЕВ, ТҮРКІСТАН ҚАЛАЛЫҚ МӘДЕНИЕТ, ТІЛДЕРДІ ДАМЫТУ, ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ ЖӘНЕ СПОРТ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ
Біз мәдениет үйінің жанынан құралған керемет халық театрымыз бар. Оның жетістіктері жетіп жатқан, көрерменге ұсынып жатқан қойылымдарының өзі бір төбе. Өздеріңіз білесіздер халықтық театр деген бұл кәсіби мамандардан құралмаған топ деп аталады. Ел іші өнер кеніші дейді ғой халқымыз. Сол елдің ішінен осы жерде қызмет істеп жүрген біздің әріптестерімізден құралған театр ұжымдар.


Қойылымның өзегінде – Фарида мен Қайырбайдың тағдыры. Жастайынан қиындық көрсе де, махаббатына адал қалған Фаридаға кезінде мансап пен байлықты таңдаған Қайырбай жылдар өте қайта оралады. Алайда жоғалған уақытты қайтару мүмкін бе? Бір кездері сезімнен биік қойған дүниелер енді оның жан жарасын жаза ала ма? Спектакль осы сауалдар арқылы бүгінгі қоғамдағы рухани құндылықтардың орнын таразылайды.


ЕРНАЗАР БАЕТЕВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
Бүгінгі қойылымнан алған әсеріміз өте керемет. Отбаы құндылықтары, соның ішінде отбасын сақтау, отбасындағы әйелдің шыдамдылығы, әйелдің қырық жаны бар дейді. Сол отбасын сақтап қалу құндылығын көрсетті. Осы театрдан біраз отбасы сабақ алды деп ойлаймын. Өмірдің өзі новелла деп бұл театр. Адамның ғұмырында болып жатқан шынайы өмірлік құбылыс.



 ЛӘЗЗАТ МӘТКЕНҚЫЗЫ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
Ғашықсыз ғасыр терең философияға, терең драмаға құрылған драмалық шығарма екен. Оған тағы да осы актерлардың арқасында көзіміз тағыда жете түсті. Өмірдің өзі театр деген сөзді тағы да есімізге алдық. Әр-кімнің өз шындығы бар деген сөзді есімізге алдық.


Сахнадағы оқиға көрерменді бейжай қалдырмады. Бірі отбасын сақтаудағы әйелдің төзімі мен сабырын бағаласа, енді бірі қойылымның терең философиялық астарына үңілді. Премьера соңында Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының атынан театр ұжымына гүл шоқтары табысталды. Сондай-ақ халық театрының әртістері алғыс хаттармен және арнайы сыйлықтармен марапатталды.

Бөлісу