АЛЫС ЖҰЛДЫЗДАР ЖАРЫҒЫ
Пушкин кітапханасында ақын, қоғам қайраткері, публицист Бекшүкір Қарашаловтың «Алыс жұлдыздар жарығы» атты жаңа кітабының тұсауы кесілді. Үш тараудан тұратын туындыға қаламгердің бұрын-соңды жарияланбаған өлеңдері мен поэмалары, жолбаяндары мен эсселері енген.
Қауырсын қаламын серік етіп, ақ қағазға ой-толғамын түсіретін қаламгер әдебиетсүйер қауымға жақсы таныс. Бұған дейін жазушының жеті кітабы жарық көріп, оқырман бағасын алған. Шығармаларында азаматтық көзқарасын ашық білдіріп, өмірлік тәжірибесін арқау етеді. Лирикалық туындылары сезімге әсер етсе, философиялық толғаныстары терең ойға жетелейді.
БЕКШҮКІР ҚАРАШАЛОВ, АҚЫН-ЖАЗУШЫ, ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРІ
– «Барлық кітаптарымда оқырманға, руханият өкілдеріне деген ойларымды, арман-мақсаттарымды қоғам тағдырымен байланыстыра отырып жеткізуді мақсат тұтып келемін»
Жаңа туындының тұсаукесеріне зиялы қауым өкілдері мен әдебиетсүйер оқырман жиналды. Қаламгердің әріптестері оның шығармашылығына баға беріп, жүрекжарды лебіздерін білдірді. Драматург-жазушы Захардин Қыстаубаевтың айтуынша, Бекшүкір Қарашаловтың әдебиетте өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан.
ЗАХАРДИН ҚЫСТАУБАЕВ, ЖАЗУШЫ-ДРАМАТУРГ
– «Әдетте ақындар 30-35-ке дейін өлең жазады да, есейген шақта прозаға ауысып кетеді. Ал бұл кісі міне, 80 жаста да лирикалық ой-толғамдарын, өлеңдерін жазып келеді» «Өзін ғана емес, бізді де жырлаған сияқты туындыларында»
Әдеби кеште жаңа кітаптың тұсауы кесіліп, шығарманың мазмұны мен мәні талқыланды. Қаламгердің әріптестері ақжарма тілектерін айтып, әдебиет төңірегінде ой бөлісті.