ГРАНТТАН – ЖЕКЕ БРЕНДКЕ ДЕЙІН
Мемлекеттік грант – кәсіп бастауға берілген мүмкіндік. Ал оны табысты бизнеске айналдыру – кәсіпкердің өз қолында. Шымкентте жаңадан іс бастаған азаматтарға арналған «Гранттан – жеке брендке дейін» форумы өтті. Кездесуде кәсіпкерлік мәдениет, заң талаптарын сақтау, адал бәсеке және бизнестегі жауапкершілік мәселелері сөз болды.
Форум 16 маусымда Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы арасында жасалған меморандум аясында ұйымдастырылды. Құжат кәсіпкерлердің құқығын қорғау, әкімшілік кедергілерді азайту және мемлекеттік сатып алудағы ашықтықты қамтамасыз етуге бағытталған.
ҚАНАТ ҚАДЫРБЕКОВ, ҚР МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ ІСТЕРІ АГЕНТТІГІ ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ БОЙЫНША ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ
Кездесу барысында кәсіпкерлердің жұмыс істеу мәселелері, олардың әкімшілік кедергілеорге тап болуы, сыбайлас жемқорлық көріністеріне тап болған жағдайда не істеу керектігін түсіндіреміз.
Форумның практикалық бөлімінде кәсіпкерлік тәжірибе ортаға салынды. «VanEllie» кондитерлік брендінің негізін қалаушы Әлия Асылбекова бизнесті дамыту жолымен бөлісті. Өнімнің өзіндік құнын есептеу, баға белгілеу, тұтынушы тарту, әлеуметтік желідегі жарнама мен жеке брендті қалыптастырудың қыр-сырын түсіндірді.
ӘЛИЯ АСЫЛБЕКОВА, «VANELLIE» КОНДИТЕРЛІК БРЕНДІНІҢ НЕГІЗІН ҚАЛАУШЫ
Менің қол астымда қазір 58 адам жұмыс істейді. 680 шаршы метрде орналасқан өндірісіміз бар. 7 дүкеніміз бар Шымкентте.
Шымкентте мемлекеттік грант арқылы кәсіп ашуға ниеттілер қатары артып келеді. 2025 жылы 431 азаматқа қайтарымсыз грант берілген. Оның ең жоғары мөлшері 400 АЕК немесе 1 миллион 572 мың 800 теңгені құрады. Ал биыл 435 өтінімнің 103-і мақұлданған. Биыл да гранттың ең жоғары көлемі 400 АЕК болып белгіленген.