Негізгі Жаңалықтар «ЖІБЕК ЖОЛЫ» КЕДЕН БЕКЕТІ АШЫЛДЫ

«ЖІБЕК ЖОЛЫ» КЕДЕН БЕКЕТІ АШЫЛДЫ

«ЖІБЕК ЖОЛЫ» КЕДЕН БЕКЕТІ АШЫЛДЫ

Ғасырлар бойы Шығыс пен Батысты жалғаған Ұлы Жібек жолы жаңа заман талабына сай қайта түледі. Қазақстан мен Өзбекстан шекарасындағы «Жібек жолы» бақылау-өткізу бекеті күрделі жаңғыртудан кейін пайдалануға берілді. Бүгін бауырлас қос елдің ресми өкілдері нысанның салтанатты ашылу рәсіміне қатысты. Жаңартылған шекара қақпасы қанша жолаушыны қабылдауға қауқарлы? Толығырақ тілшіміз тарқатып айтады.


 АРУЖАН САМИДИН, ТІЛШІ:
 «Жібек жолы» шекара бекеті – бауырлас қос елді жалғайтын алтын көпір, өңір экономикасының күретамыры. Бұрын бұл жерде жолаушылар сағаттап кезек күтетін. Бүгін міне, сол түйткілдің түйіні тарқады. Былтыр мамырда басталған ауқымды жаңғыртудан соң «Жібек жолы» бекеті жаңа кейіпке енді. Көршілес Өзбекстанның «Гишт куприк» пункті де бір мезетте жаңартылды. Енді бұл арадан тәулігіне 100 мың адам еш кедергісіз өте алады.


МӘДИ ТАКИЕВ, ҚР ҚАРЖЫ МИНИСТРІ
 Сапасы өте жақсы. Өзіміз келіп, қадағалап тұрдық. Ғимарат сейсмикалық қауіпке де төтеп бере алады. Жиырма ай жөндеу жұмысын істедік. Жүз мыңға жуық жолаушыны қабылдай алатын бекет жолаушылардың уақытын қысқартады.


Бұған дейін тәулігіне 20 мың жолаушы мен 500 көлікке шақталған бекеттен екі жыл бұрын 30 мыңға жуық адам өтіп, инфрақұрылымға түсетін жүктеме шегіне жеткен еді. Енді халықаралық стандарттарға сай қайта бой көтерген алып кешеннің өткізу қуаты бес есе ұлғайды. Жаңарған бекет қарбалас күндері 100 мың жолаушыны, 3 мың жеңіл автокөлік пен 400 автобусты еш кідіріссіз өткізуге қауқарлы.


ЕРЛАН ТҰРЫСОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ БОЙЫНША МЕМЛЕКЕТТІК КІРІСТЕР ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Кеден бекетіне кіре беріс жерде рентнген аппараты мен инспекциялық бақылау жүйесі бар.Автобустың ішіндегі адамды түсірмей өтькізетін құрал-жабдықпен жабдықталған.


Жалпы ауданы 10 мың шаршы метрге жуықтайтын бекетте екі заманауи жолаушылар терминалы бой көтерді. Оның бірі елге кіретін, екіншісі шекарадан шығатын азаматтарға қызмет көрсетеді. Сондай-ақ, көлікті тексеруге арналған 6 мың шаршы метрлік қалқа салынып, жолақ саны алтыға дейін көбейді. Төлқұжат тексеретін 82 кабина мен 20 автоматты Q-gate жүйесі орнатылды. Тіпті, мұнда оқыс жайт орын алса, медицина мамандары алғашқы көмек көрсетуге дайын.


СЕРІКБАЙ МАҚСАТ, «ЖІБЕК ЖОЛЫ» КЕДЕН БЕКЕТІНІҢ БАС МАМАНЫ
  Медициналық кабинет бар.Бұрын жоқ еді.Жолақтар көбейді.Бұл кезекті азайтады деп сенеміз.


 Заманауи кеденнің артықшылығын жолаушылар да жоғары бағалап отыр. Екі ел арасында жиі қатынайтын тұрғындар енді шекарадан өту әлдеқайда қолайлы болатынын айтады.


САИД СҮЙІНХАНОВ, АУДАН ТҰРҒЫНЫ
 Алдында Қапланбек бекетінде кезекте тұратынбыз, кейде ұзақ уақыт кезек күтетінбіз. Қуаныштымыз жаңа бекеттің ашылғанына. Бұрын күніне 300 автокөлік өтетін болса, енді 2000 автокөлік өтеді деп жатыр.


 АРУЖАН САМИДИН, ТІЛШІ:
 Озық цифрлық технологиялармен жабдықталған жаңа шекара қақпасы – ұзын-сонар кезекті түбегейлі жояды. Бұдан бөлек,бұл бастама қос ел арасындағы туризм мен сауда-саттықты жандандырып, Қазақстан аумағы арқылы өтетін Еуразиялық транзиттік дәліздердің бәсекеге қабілеттілігін арттырады.


Бөлісу